Ерлан Қарин Құрылтай сайлауының маңызын түсіндірді

Ерлан Қарин Құрылтай сайлауының маңызын түсіндірді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бүгін, 23 тамызда, Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин президенттік реформалардың маңызына тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бүгін ел тарихындағы маңызды оқиғаның куәсі болып отырғанымызды атап өтті.

"Бұл – Қазақстан тарихындағы мүлде жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайға өтіп жатқан алғашқы сайлау. Құрылтай сайлауының маңызы – мемлекеттік институттарды жаңғыртып, түбегейлі жаңа саяси модельге көшуімізде. Алайда ең үлкен әрі маңызды өзгеріс қоғамдық саясаттың мазмұнына қатысты. Президент реформалары қоғамдық үдерістерге жаңа серпін беріп отыр. Жаңа тұлғалар, жаңа күштер пайда болып, қоғамдық күн тәртібі өзгеріп жатыр. Сондықтан бұл реформалар ауқымы мен қарқыны жағынан соңғы онжылдықтардағы елдегі ең ірі жаңғыру үдерісіне айналды. Бұл тек біздің еліміз үшін ғана емес, тұтас өңір үшін де маңызды", – деді Қарин.

Еске салайық, жексенбі, 23 тамызда Қазақстанда бірпалаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл – 1991 жылдан бергі елдегі оныншы парламенттік сайлау. Сондай-ақ, жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау. Конституциялық өзгерістерден кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, олардың депутаттарының өкілеттігі аяқталды.

Енді екі палаталы Парламенттің орнына Қазақстанда жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай жұмыс істейді. Оның құрамына бес жылға сайланатын 145 депутат кіреді. Сайлаудан кейін депутаттар Құрылтай төрағасы мен оның үш орынбасарын сайлайды. Жаңа Парламент жасақталған соң қазіргі Үкімет оның алдында өз өкілеттігін тоқтатады.

Құрылтайдағы 145 орынға жеті партия таласып жатыр: "Әділет", "Ауыл", "Ақ жол", ЖСДП, "Байтақ", ҚХП және Respublica. Бюллетеньде "Бәріне қарсымын" деген таңдау да бар.

Айта кетейік, уақыт айырмашылығына байланысты шетелдегі қазақстандықтар, соның ішінде Жапония мен Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтар алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Қазақстанда 107 сайлау учаскесі сағат 06:00-де ашылса, қалғандары жұмысын сағат 07:00-де бастады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Жалпы 10 423 сайлау учаскесі ашылған. Дауыс берушілер тізіміне 12,6 миллионнан астам адам енгізілген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget