Қазақстанда баламен қарым-қатынас мәселелері бойынша дауларды шешудің бірыңғай тәртібі енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елімізде 13 сәуірден бастап ата-аналар мен басқа да жақын туыстар арасында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне байланысты дауларды шешудің бірыңғай ережесі қолданысқа енгізілді. Бұған дейін бұл мәселелерді қорғаншылық органдары қарағанымен, әр өңірде әртүрлі тәсіл қолданылған болатын.
Енді Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ортақ тәртіп барлық өңірде бірдей іске асады.
Ата-анаға немесе жақын туыстарына, яғни атасына, әжесіне, ағасына немесе әпкесіне баламен қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған жағдайда баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына өтініш бере алады.
Өтінішке мына құжаттар қоса тіркеледі:
- жеке куәліктің көшірмесі;
- наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
- соттылығы жоқтығы туралы анықтама;
- мекен жайын растайтын құжат.
Қорғаншылық органы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап шығады. Осы мерзімде мамандар екі тараппен жеке сөйлесіп, қажет болса тұрмыстық жағдайды зерделейді. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның да пікірі ескеріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова