- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ерлі-зайыпты ажырасқан кезде...
Ерлі-зайыпты ажырасқан кезде мүлік қалай бөлінеді? Қазақстандық адвокат жауап берді
Елімізде екіге ажырап жатқан ерлі-зайыптының саны көбейіп жатыр. Мысалы, биыл қыркүйекте 10,8 мың неке тіркеліп, 1,3 мың жұп ажырасып кеткен. Ал заң бойынша ажырасу кезіндегі ең жағымсыз жайт - мүлік бөлу. Адвокат Жалғас Серіпханқызы Massaget.kz тілшісіне ерлі-зайыптының жеке және ортақ мүлкі қандай болатынын, үлес қалай бөлінетінін және неке шартының рөлі туралы айтып берді.
Адвокат мәліметінше, ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 32-бабының 1-тармағына сәйкес, ортақ мүлікке ерлі-зайыптының неке қиған кезінен бастап, ажырасқанға дейінгі бірге тұрған уақытында алған мүлігі жатады. Алайда олардың әрқайсысының жеке мүлкі болуы да мүмкін.
Жеке мүлікке не жатады?
Осы кодекстің 35 бабына сәйкес ерлі зайыптының әрқайсысының жеке меншігі:
- ерлі-зайыптының әрқайсысына заңды некеге тұрғанға дейін тиесілі мүлік;
- ерлі-зайыптының неке кезеңінде сыйға тарту тәртібімен немесе өзге де өтеусіз мәмілелер бойынша алған мүлкі;
- неке кезінде ерлі-зайыптының ортақ қаражаты есебінен сатып алынған жеке пайдаланылатын заттар (киім, аяқ киім және басқалар), бірақ бұл тізімге қымбат әшекей-бұйымдар кірмейді;
- некенің нақты тоқтатылуына байланысты ерлі-зайыптының әрқайсысы бөлек тұру кезеңінде алған мүлік.
Алғашқы үш жағдайда жеке мүлікті бөлек рәсімдеудің қажеті жоқ, бұл жағдайда сот шешімі де талап етілмейді. Ал соңғы жағдайда меншік сот шешімімен ғана жеке мүлік болып танылады.
"Сондай-ақ, егер ерлі-зайыпты белгілі бір мүлікті алуға қаражат қосқан болса, оны ортақ мүлік деп тануға мүмкіндік беретін арнайы бап бар. Мысалы, жұбайыңыздың атына рәсімделген пәтерге сіздің қаражатыңыз кеткен болса, ол ортақ мүлік болып танылуы ықтимал. Бұл туралы Кодекстің 36-бабында жазылған" - дейді маман.
Ортақ мүлікке не жатады?
Кодекстің 33-бабына сәйкес ерлі-зайыптының ортақ мүлігіне:
- ерлі-зайыптының әрқайсысының еңбек қызметі, кәсіпкерлік қызмет және зияткерлік қызмет нәтижесінен табысының сомалары;
- ерлі-зайыптының ортақ мүлкінен немесе әрқайсысының бөлек мүлкінен түсетін кіріс;
- зейнетақы, жәрдемақы, зейнетақы жинақтары, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер;
- ерлі-зайыптының жалпы табыстарының сомасы есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, салымдар, үлестер;
- ерлі-зайыпты неке кезінде алған кез келген басқа мүлік.
Сот ерлі-зайыптының ортақ мүлігін бөлгенде нені ескереді?
Кодекстің 38-бабына сәйкес сот ерлі-зайыптының ортақ мүлігін теңдей бөледі. Дегенмен сот ескеретін жайттар да бар:
- ерлі-зайыптының үлесі неке шартында өзгеше көзделуі мүмкін;
- олардың мүлікті бөлу туралы шартында өзгеше көзделуі мүмкін;
- сот осы үлесті өзгеше анықтауы мүмкін.
Сонымен қатар, Жалғас Серіпханқызының айтуынша, сот ортақ мүлікке ерлі-зайыптының үлесін кәмелетке толмаған балалардың пайдасына, ерлі-зайыптының бірінің мүддесіне, егер бір жақ негізсіз себепсіз жұмыс істемесе, ортақ мүлікті ақылдаспай жұмсап, ол залал келтірсе шеше алады.
Ал егер жалапкер жұмыс іздегенін дәлелдесе, жұмыс істемеуіне салмақты себебі болса, үй шаруашылығында не бала тәрбиесімен айналысса, сот оның үлесін азайтуға құқы жоқ.
"Кейде ерлі-зайыптының бірі өз үлесінен бас тартып жатады. Егер үлестен бас тарту туралы келісім неке бұзылғанға дейін шешілсе, оны неке шартында бекітуге болады. Ал неке бұзылған болса, ортақ мүліктегі үлестен бас тартқысы келетін жақ нотариусқа барып арыз жаза алады", - дейді маман.
Қандай мүлік бөліске салынады?
Неке кезінде сатып алынған мүліктің барлығы ортақ болып саналады. Ерлі-зайыпты мүлікті өздері соттың араласуынсыз бөліп ала алады, мұндай жағдайда олар ортақ шешімге келіп, өзара келіседі. Дегенмен мамандар қандай жағдай болмасын заңгер кеңесін алу керегін ескертеді.
Қандай мүлік бөліске салынбайды?
Бөліске салынбайтын мүліктің қатарына некеде туылған кәмелетке толмаған балаға арналған банктегі есепшот кіреді. Есепшотқа ақшаны кім салғанына қарамастан, қаржы баланың атында қалады. Оған қоса, заңға сәйкес ерлі-зайыптының әрқайсысына некеге тұрғанға дейін немесе жеке мүлікке тиесілі мүлік бөліске салынбайды. Оған тек көлік, пәтер, саяжай, жер учаскесі ғана емес, бағалы қағаздар, сондай-ақ кәсіп те кіруі мүмкін.
Қарыз, несие, ипотека ше?
Маман сөзінше, бөліске мүлік қана емес, ерлі-зайыптының неке кезінде алған борыштық міндеттемелері не салынады.
"Мысалы, ерлі-зайыпты үйленгеннен кейін белгілі бір сомаға, тұрмыстық техника несиеге алса, борышты өтеу үлесі ажырасқан жағдайда бөлінеді. Ол үшін қарыздың отбасылық қажеттілік үшін алынғаны дәлелденуі керек. Дерек дәлелденсе, бұрынғы жұбайының табысы болмаса да, ажырасқаннан кейін оған жауапкершілік жүктеледі", - деп түсіндірді Жалғас Серіпханқызы.
Ал ипотекаға алынған пәтердің жағдайы басқаша болады деп топшылады маман.
"Көп жағдайда, неке кезінде ипотекаға алынған ортақ пәтерді неке бұзылған жағдайда бір тарап, екінші тарапқа қалдырады. Ал егер бір бір тарап, мүлікті бөліскісі келіп, ипотекаға төлегенін дәлелдесе, ол төлеген ақшасын қайтарып алады, бірақ пәтерді екінші жаққа қалдырады. Өйткені ипотекаға алынған пәтер әлі толық ерлі-зайыптының бірінің атына рәсімделген жоқ", - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ажырасу бойынша әлемде қай орында екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Көлемі 18 см³ судың массасы қандай?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә