Ерлі-зайыпты 10 жастағы ұлын әуежайда тастап, демалысқа кетіп қалмақ болған

Ерлі-зайыпты 10 жастағы ұлын әуежайда тастап, демалысқа кетіп қалмақ болған
Фото: pixabay.com

Испанияда ерлі-зайыпты 10 жастағы ұлын Барселона әуежайында тастап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.

Қоғамда үлкен наразылық тудырған оқиға Барселонаның Эль-Прат әуежайында болған. Ерлі-зайыпты 10 жастағы ұлын жарамды құжаттары болмағаны үшін ұшаққа отырғыза алмағаннан кейін, оны терминалда жалғыз қалдырып, өздері демалысқа аттанбақ болған.

Олар екінші баласымен бірге сапар шегіп жатқан. Құжаттарында мәселе туындаған балаға туыстарының біреуі келіп, алып қалар деген үмітпен ата-анасы оны тастап кеткен. Ал өздері рейске асыққан.

Барселона әуежайындағы әуе компаниясының үйлестірушісінің айтуынша, баланың қолында жарамды төлқұжат болған, бірақ ұшу үшін қажет виза болмаған. Сол себепті ұшаққа отыруға рұқсат берілмеген.

Ерлі-зайыпты туыстарына хабарласып, баланы қалдырып кете берген. Координатор бұл жағдайды видео арқылы әлеуметтік желіде жариялап, таңғалғанын жеткізді.

"Мен әуе компаниясының координаторымын. Өз жұмысымда көп нәрсені көріп жүрмін, бірақ бұл – шын мәнінде қызық жағдай болды", – деді ол TikTok-тағы жазбасында.

Әуежай әкімшілігі бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаған. Дауыс зорайтқышпен бірнеше рет ескерту жасалғанымен, ешкім баланың қамқорлығын өз мойнына алмаған. Содан кейін қауіпсіздік қызметі іске араласты.

Нәтижесінде баласын тастап кеткен ерлі-зайыпты өз сапарларын жалғастыра алмады.

"Полиция дереу араласты. Олар ата-ананы және екінші баланы полиция бөліміне жеткізді, ал он жастағы бала сол жерде болға"н, – деп түсіндірді әуе тасымалдау үйлестірушісі.

Ең таңғаларлығы – ерлі-зайыптыдың бұл әрекетін оғаш көрмегені. Әуежай қызметкерінің айтуынша, олар өз қылығын "қалыпты жағдай" деп санаған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget