“Ерікті болу - бұл үлкен сый“. 10 жылдан аса волонтер болған тұрғын хикаясы

“Ерікті болу - бұл үлкен сый“. 10 жылдан аса волонтер болған тұрғын хикаясы
Фото: Chatgpt

Ерікті болу - кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс, себебі ол үшін ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек керек. Massaget.kz тілшісі Қазақстан бойынша Human Resources Kazakhstan жеке қорының басшы орынбасары Есен Әбдіхалықпен сұхбаттасты. 

Есен Әбдіхалық - бала кезінен алғыр, зерек бала болып өскен. Ол Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы мектепті алтын белгіліге аяқтаған соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне Автоматтандыру және басқару мамандығына грантқа түскен. 

"1-курстан бастап оқу орнында белсенді болып, волонтерлікті де қатар алып жүрдім. Кейін оқуды тәмамдаған соң, сол университетке магистратураға түсіп, бұл мамандықтың жалғасы "Машиналық оқыту және дерек өңдеу мамандығын аяқтадым. 2022 жылы оқуды аяқтаған соң, волонтерлік қызметке кәсіби түрде кірістім", - дейді кейіпкер. 

Кейіпкердің жеке архивінен алынған сурет

Оның  айтуынша, волонтерлік - белгілі бір қызмет, болмаса белгілі бір түсінік, жұмыс емес. Ол кез келген салада, кез келген істе, кез келген салада бар. Қарапайым көмектесу, қол ұшын тигізу, жол сілтеу, сұрақ қойған адамға жауабын тауып көмектесу - мұның бәрі волонтерлік.

"Мұның бәрі бала кезден басталатын сияқты. Сондықтан кез келген саналы адам - волонтер. Яғни, қазіргі жастар арасында адам дүниеге келген сәттен бастап, "қоғамнан не аламын емес, қоғамға, еліме не бере аламын, қалай көмектесе аламын" деген түсінік қалыптасып келе жатыр. Сондықтан нақты осы күннен бастап ерікті болып кеттім деп айта алмаймын, ой толысып, сана-сезімім дамыған сәтте волонтер болып қалыптастым. Мектептегі сенбілік, достарыма көмек, ата-әжелердің үйін тазалау - бала кезден әсер еткен істер". 

Есен Әбдіхалық студент кезінен бастап кәсіби түрде ерікті болғанын айтады. 

"Жоғарғы оқу орнына түскеннен кейін сенбілік, тал егу, тазалау, үлкен кісілердің үйіне көмектесу, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік корзиналарын тарату, қарттар, балалар үйіне бару сынды әрекеттер одан сайын еселенді. Ол кезде арнайы ұйымдар болып, олармен бірге жұмыс істедік. Бұл жақсылық жасауға одан сайын күш берді. Уақытпен өлшейтін болсақ, нақты 10 жыл деп айтар едім", - дейді ол. 

Есен Әбдіхалық волонтерлікке келген сәттен көп жетістікке жеткенін баса айтты. Ол бұл жолда "Жастар рухы" жастар қанатында төраға орынбасары ретінде қызмет атқарған.

"Бұл кезде елдегі апат кездерінде халыққа санитарлық көмек көрсеттік. Қаңтар кезінде, пандемия кезінде де көмек көрсетілді: азық-түлік таратылып, жатақханаларды аралап, дәрі-дәрмек берілді", - деді Есен мырза.

Кейіпкердің жеке архивінен алынған сурет

Кейін Есен Әбдіхалық небәрі 22 жасынан бастап Human Resources Kazakhstan жеке қорының басшы орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның айтуынша, шын жүректен істелген жұмыс әрқашан бағаланады. 

"Бұл кезде де көп іс шара жасалды. Тек бір облыс емес, ол кезде бүкіл Қазақстан облысы бойынша қызмет атқарылды. Мен қызмет атқарған кезде түрлі жаңа бастамалар болып, жастарға барынша қолдау білдіруге жобалар атқардық. Бұған сәйкес, еріктілер саны да артты. Атап айтсам, жоғарғы оқу орындарымен меморандумдарға отырып, студенттермен бірлесе жұмыс істедік. "Алматы марафон" сынды ауқымды жобаларда бой көрсеттік. Сондай-ақ, адам саудасы,  NEET категориясындағы жастармен жұмыс, лудомания, наркоманияға қарсы, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек сынды жобаларды ұйымдастырдық", - дейді кейіпкер. 

Кейіпкердің жеке архивінен алынған сурет

Есен Әбдіхалықтың айтуынша, қазіргі жас волонтерлер мен "ардагер волонтер" арасында айырмашылық бар. 

"Қазіргі жастар шапшаң, ақпаратты тез қабылдап, оны тез сұрыптайды. Әлеуметтік желіден өзіне керегін тез тауып алады. Бұл - еріктілерге керек тағы бір машық. "Ардагер волонтерлер" бұрын жұмыстарын көрсетіп, мақтана алмайтын, кейбіреулері ұялатын. Ал қазіргі жастар істеген жұмысын әлеуметтік желіде бөлісіп, басқаларын да қайырымды болуға, игі іс істеуге септігін тигізеді. Бұл - өте дұрыс, себебі басқа адамдар ішінде үміт отын жандырады. Өзгелердің де бұл істі жасауына, адамға, табиғатқа көмектесуіне үндейді. Бұл қоғамда еріктілер жұмысына оң көзқарастың қалыптасуына себеп болады", - дейді ол. 

Кейіпкердің жеке архивінен алынған сурет

Есен Әбдіхалық - отбасының арқасүйері, ардақты әке. Кішкентай қызы 2 жасқа таяп қалған. Кейіпкердің айтуынша, бала кезден оған үлкенге көмек көрсетіп, қол ұшын тигізу керек деген құндылықтарды құйып келеді. 

Қазақстанда қанша волонтер бар?

Айта кетейік, Алматыда қазір 5000-нан аса волонтер бар. Ал ел бойынша 66128 ерікті тіркелген. Бұл - Волонтерлердің бірыңғай платформасы ұсынған ақпарат

Волонтерлер күні қашан тойланады?

5 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық волонтерлер күні 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен енгізілген. 

Қазақстанда Волонтерлерге қандай басымдық берілді?

Айта кетейік, 2020 жыл еріктілер жылы болып бекітілген еді. 21 маусымда Халықаралық волонтерлер форумы өтті. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек