Депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша азаматтар неге айлап кезек күтетінін айтты. Бұл туралы ол бүгін Мәжіліс отырысында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асхат Аймағамбетов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында ол МӘМС жүйесі арқылы қаралғысы келетін қарапайым халық бірнеше айлап кезек күтуге мәжбүр екенін және бұл қолдан жасалған мәселе екенін айтты.
"Қазір азаматтар ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, онда бір ай немесе үш ай күту керек. Ал егер сол адамдар тексерістен ақылы өтемін десе, дәл сол уақытта немесе үш минутта өтуіне болады. Сондықтан олар еріксіз ақылы қызметті алуға мәжбүр болады. Онда "біз не үшін ай сайын өзіміздің жалақымыздан төлейміз" дейді. Бұл негізінен, жасанды проблема. Өйткені бұл енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр", - дейді Аймағамбетов.
Депутат бұл мәселені шешу үшін МӘМС жүйесі арқылы ұсынылатын қызметтердің ақысы қалай бөлінуі керегін айтты.
"Қазір емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ жасауға 10 квота, МРТ жасауға 5 квота беріледі. Ал егер науқас саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызметтердің ақысы факт бойынша төленуі керек. Науқастарға медициналық ұйымды таңдауда еркіндік беріп, түсініспеушілік болмау үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакетін нақтылауды ұсынамын", - деді Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетов қазір дәрігердің көбі науқасты қараудың орнына компьютерге телміріп отыруға мәжбүр екенін айтып, Үкімет басшысына бұл проблеманы шешудің де жолын ұсынды.
"Екінші, ақпараттық жүйелер арасындағы алшақтық пен дәрігерлердің артық жүктемесі бойынша бүгін дәрігерлер науқастарды тексерудің орнына, компьютерлерге телміріп, деректерді түрлі ақпараттық жүйеге енгізуге мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыттары да жоқ. Бір науқасты тексеруге берілетін стандартты уақыт компьютер толтыруға кетіп отыр. Сондықтан барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсырып, штат санын арттыру арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайту керек және бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу бойынша жүріп жатқан жұмысты шұғыл аяқтау керек", - деді сауал жолдаған Аймағамбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!