- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еркектермен қоса, әйелдерді...
Еркектермен қоса, әйелдерді де 15 күнге қамау керек - Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек отбасындағы дау-дамайға байланысты ер адамды ғана емес, сонымен қатар, әйелдерді де 15 тәулікке қамауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат елімізде бір жылда 140 мыңдай отбасы құрылса, соның 40 пайызы ажырасып кететінін айтады. Сондықтан да ол мәселеге біржақты қарамай, жауапкершілікті теңдей қарастырған жөн деген пікірде.
"15 күнге міндетті түрде қамасын деген жоқпын. Басында сөзімді мұқият қарасаңыздар, мен былай дедім: шара теңдей қаралуы керек. Жауапкершілік отбасының екі мүшесінде де қатар болуы керек. Мысалы ер адамға бір шара қолданылса, әйел адамға да сол шара қолданылуы керек деген контекстпен шыққан дүние болатын. Сондықтан, мен бұл заңды қолдаймын. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсымын. Бәріміз де отбасын ұстап отырмыз. Балалы-шағалымыз. Ер азамат ретінде әйеліне қол көтермек түгілі дауыс көтеретін азаматтарды сыйламаймын. Бірақ отбасын сақтап қалу үшін, жас отбасылардың бірден ажырасып кетуінің алдын алу үшін біз жан-жақты құқықтық және психологиялық көмекті мектеп кезінен бастау керек деп айттым. Мектептен балалар отбасының құндылығын, қасиетін ұғынуы тиіс. Бала-шағаның, өзінің тағдыры жатқанын сезінетін жүйе ұсындым", - деді депутат.
Амантай Жарқынбек өзінің ұсынысын ер азаматтардың 50 пайызы қолдап отырғанын айтты. Әйтсе де ол әйел адамды ер азаматпен бірдей жазалау мүмкін емес екенін мойындап отыр.
Серік Құдайбергенұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина