- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Фильмге пікір білдіру
“Еркектер жүрген бір сорлы“. Танымал актер қазақстандық фильмді сынады
Актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов әлеуметтік желідегі парақшасында жақында жарық көрген фильмді сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі фильмде әйелдер батыр, ал еркектер нәзік жандылардың дегенінен шыға алмайтын сорлы екенін айтып, ашуланды.
"Жақында кинотеатрдан "Жезтырнақ" деген фильм көрдім. Киноның жетістіктері, жалпы тартымдылығы кәсіби деңгейде. Оған дау жоқ. Актерлердің ойыны, кадрдан кадрға ауысуы, бүкіл бет-пішін, көзқарасы бәрі өз орнында. Актерлік ансамбль бар, Досжан Жанботаевтан бастап, Қарабалиндер, жас бала, басты рөлді ойнаған қыз да, бәрі де өз орнында, сендірді. Оператордың да жұмысы өте жақсы, режиссер да актерлермен жұмыс істей алған, тапсырма дұрыс қоя біледі, актерлер де өз рөлдеріне сай келіп тұр. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес еді. Жалпы фильмнің мазмұны, идеясында ойланатын дүние бар. Бұл кинода әйелдер бәрін қырып салады, еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес, телпек, жігіт емес, мілік. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды, әйелдің өзінің барлық физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады. Әйелдің қаруы оның күші ме? Әйелдің қаруы - жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, сабырлығы, ақылдылығында емес пе? Әйел затының көз жасының алдында ерімейтін қара тас жоқ. Кез келген еркек әйелдің алдында оның әлсіздігін көргендіктен оны құрметтейді, қадірлейді. Ал енді қазір әйел мен еркектің орны ауысып бара жатқан секілді. Отбасында әйелдің басшы болуы, ертең мемлекетті де әйел басқарады дегенге әкеліп тұр. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. Осы жерді қорғайтын баланы рухты, намысты, мінезді ұрпақ қылып қалай тәрбиелейміз. Мектепке келеді, мектептің көбі, ұстаздардың 70-80 пайызы әйел адамдар. Біздің ел бүгінде ажырасудан алдыңғы ондыққа кіреді. Әкесіз, анасының қолында, әйелдің тәрбиесімен өскен балалар, мектепте де сол", - деді ол.
Оның айтуынша, фильм - азаматты елін-жерін қорғауға тәрбиелейтін, патриоттық сезімді оятатын көркем дүние. Сондықтан фильм саласында ойландыратын дүние көп.
"Енді киноға келетін болсақ, кино деген көркем дүние ғой, ол бір мемлекетшілдікке, елдікке, патриоттық сезімді оятып, елін-жерін қорғайтын, рухты азаматтарды тәрбиелейтін орын деп ойлаймын. Ал бұл жерде де сол әйел белең алып, үстемдік қойып жүр. Жалпы әйел ежелден, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша отанасы, үйдің шамшырағы, жары келгенде тамағын дайындап, үйін таза ұстап, жылы қабақпен күлімсіреп қарсы алады. Ертең күйеуі үлкен биіктерді бағындыратын кезде оған бір демеу, мотивация беру. Еркек - дүниедегі барлық ісін әйел затына дәлелдеу үшін жасайды ғой. Сондықтан әйел мен ер адам өз орнында болса біздің қоғам да, мемлекет те дамиды деп ойлаймын. Қазір көптеген фильмдерді жекеменшік студиялар түсіреді, енді олар ақша өзіміздікі деп, неше түрлі дүние түсіреді. Осыған байланысты кино саласында да ойланатын көп дүние бар. Менің киноға айтар пікірім - осы", - дейді актер.
Болат Әбділманов туралы не белгілі?
Болат Мәзімбайұлы Әбділманов - кино және театр актері.
1960 жылы 12 қарашада Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қаракөз ауылында дүниеге келген.
1992 жылдан 2006 жылға дейін М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының "Абай" спектакліндегі Абай рөлі арқылы "Театрдың үздік актері" атанды. "Томирис" спектакліндегі рөлі арқылы "Екінші қатардағы актер" номинациясын, "Ақын... Періште... Махаббат..." спектакліндегі рөлі арқылы "Сахна тілі шебері" номинациясын иеленді.
2006 жылдан бері Ш.Айманов атындағы "Казақфильм" киностудиясының актері. Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері. "Тәуелсіздікке - 10 жыл" (2001) медалімен, "Құрмет" (2009) орденімен марапатталған.
Кинодағы рөлдері:
2011 - "Ағайынды-2" (Қазақстан, аяқталмады) - Айбар, жаттықтырушы Қуаныш
2011 - "Алдар Көсе" (Қазақстан) - бас қади
2008 - "Есік ашыңыздар - мен бақытпын!" (хикая, Қазақстан) - Аманжол
2007 - "Бір күні жүк салғышта" (Қазақстан) - Ербол
2007 - "Бекет" - шейх
2001-2003 - "Шегіртке" (хикая, Қазақстан) - Дастанов
1997 - "Сағыныш" (Қазақстан) - Боранбай
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә