Қызылордалық Қожахмет Кеңесбеков тігінге де епті, ағаштан да түйін түйеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қанмен келген қасиет бойда бұғып жатпайды екен. Кейіпкеріміз қолөнерге жақындығының пайдасын пандемия кезінде көрді. Әуелгіде жұбайы екеуі қыз жасауын тіккен.
"Келіншегім ши құрақ құрайды, мен материал әкелемін, пішемін, көктеймін. Ер азамат болсам да еш қысылмадым", - дейді ол.
Тапсырыс көбейгесін ою оятын станок сатып алған. Бірақ алған затының ақшасын төлемей кеткендер болыпты. Осыдан кейін тігіннен ағаш бұйым жасауға ойысты.
"Атамыз үйде қырсау, ноқта, жүген сынды әбзелдерді жасай беретін. Бала күнімізде әкемнің тобылғы иіп, қамшы өргенін көрдік. Олардан үйренгенімді пандемия тұсында ұтымды пайдаландым", - дейді ағаш шебері.
Кейіпкеріміздің қолынан шыққан кәдесый, қобдиша, балалардың ой-өресін дамытушы ойыншық, шежіре тақтайшасы және тағы басқа дүниелерге қызығушылар аз емес. Соның ішінде ең арзаны - адам аты жазылған сызғыштар - 400 теңге. Үлкен сувенирлердің нарықтағы құны - 40 мың теңге. Бағаға жұмыстың күрделілігінен бөлек, шикізаттың шеттен әкелініп, қымбатқа сатылатыны тікелей әсер етеді.
"Саяси жағдайлар экономикаға салқынын тигізбей қоймайды. Фанер ағашын 2019 жылы 3 мың теңгеден алсам, бүгінде құны екі есе артқан", - дейді ол.
Қолөнерші жеті атасын жаздырып алатындар көп екенін айтты.
"Бұл ешқандай да даңғазалық пен трайбализм емес. Үйдегі қара домалақтар күнде қабырғадағы тақтайшаға қарап, көз жаттықтырады. Сөйтіп, шежірені жаттап алады", - дейді шебер.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!