Еркебұлан Тоқтар “Слово пацана“ сериалындағы Никита Кологривыйдан “таяқ жеді“

Танымал қазақстандық актер Еркебұлан Тоқтар "Слово пацана" сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған Никита Кологривыймен бірге отандық жаңа туындының түсіріліміне қатысты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актер бұл туралы Revue news бағдарламасында айтып берді. Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, ол бұл жобаға тіпті гонорарын сұрамастан келісім берген. 

"Спорттық драманың синопсисін естігеннен кейін бірден келісім бердім. Сценарий авторы Дәулет маған алғашқы кездесуден бірден айтты "Сценарий жазып жатқанда бірден сені елестетіп жаздым" деп. Сондықтан бірден келісімімді бердім. Қаржылық жағын ойламадым да", – дейді ол. 

Туынды олимп шыңын бағындыруды армандайтын боксшы жігіттің тағдыры туралы. Түсірілімнің көп бөлігі шаршы алаңда өткен. Кейбір жекпе-жек сахналарынан кейін Еркебұлан Тоқтардың денсаулығы сыр беріпті. 

Еркебұлан Тоқтардың туындыдағы басты қарсыласы атышулы "Слово пацана" сериалының жұлдызы Никита Кологривый. Ол түсірілімге ұсыныс алған соң Ресейден арнайы келген. Оның түсірілім кезінде қазақша сөйлеген фрагменттерін кездестіруге болады. 

"Қонақжайлылық қатты сезіледі. Өз үйімде жүргендеймін. Түсірілім алаңында кәсіби мамандардың көп болғаны қуантады", – деді ресейлік актер Revue news бағдарламасының тілшісіне берген сұхбатында. 

Айта кетейік, ресейлік актер режиссердің өтініші бойынша қазақстандық туындыға тегін түскен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!