Еркебұлан Тоқтар әйгілі аренада жекпе-жек өткізбек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Ташкентте өткен бокс кешінен әсерлі видео жариялады. Бейнежазбада оның өзбекстандық көрермен алдында рингте Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындап тұрғанын көруге болады. Бұл көрініс желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшіліктің оң бағасына ие болды.
Еркебұлан алдағы мақсатын жасырмады.
"Осы жылдың аяғында - Madison Square Garden", - деп жазды ол.
Madison Square Garden - спорт әлемінде айрықша орны бар арена. Нью-Йорктің қақ ортасында орналасқан бұл кешен бокстың ғана емес, жалпы жекпе-жек түрлерінің символына айналған. Кезінде дәл осы жерде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мэйвезер секілді аңыздар рингке шыққан.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 27 желтоқсанда Ташкенттегі "Хумо Аренада" өткізді. Жерлесіміз өзбекстандық Тимур Никулинмен жұдырықтасып, айқасты алғашқы раундта техникалық нокаутпен аяқтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz