- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ерке сылқым" күйінің...
"Ерке сылқым" күйінің авторы, дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев өмірден өтті
Дәулескер күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл қаралы хабар туралы Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков жазды.
"Бүгін дәулескер күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат", 2 дәрежелі "Достық" "Құрмет" ордендерінің иегері, облысымыз бен ауданымыздың құрметті азаматы Әбдімомын Желдібаев өмірден өтті. Қоңыр күйді жүрегімен, өзінің қоңырқай мінезімен қоңырлата тартып, көпшіліктің жүрегіне жеткізе білген қазақтың тау тұлғалы азаматы дәстүрлі әуенді дәріптеу жолында өлшеусіз еңбек етті. Ауданымызбен қатар, тұтас еліміздің мақтанышына айналған біртуар күйші бар ғұмырын күй өнеріне арнағанын жұртшылық жақсы біледі. Жерлесіміздің ел мәдениетіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Ол ауданда жүріп-ақ "Шу еркесі" халықтық ән-би ансамблінің негізін қалап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерге қатысуына тікелей себепші болды. Әбдімомын Желдібаевтың елге еткен еңбегін ешқашан ұмытылмайды", - деді ол.
Әбдімомын Желдібаев - атақты күйші-композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, "Ерке сылқым" күйінің авторы.
Ол 1934 жылы 15 қазанда Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Күйшінің атақты "Ерке сылқым" күйінің құрметіне 2011 жылы Шу қаласында ескерткіш орнатылды.
Композитордың "Толғау", "Ерке сылқым", "Боз жігіт", "Жесір сазы", "Ыдырыс", "Аққу", "Арман құс", "Абай арманы", "Жамбыл толғауы", "Тұран елі" сияқты 70-тен аса күйі мен әні бар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова