Жақында әнші Ерке Есмахан екінші рет тұрмысқа шығып, "сырғалым" атанды. Алайда Желіде көптеген адам ажырасқан әйелге қайтадан сырға салуға болмайтынын айтып, әншіні сөгіп жатыр. Тұрмыста болған әйелге қайтадан сырға салып, үйлену тойының рәсімдерін өткізу дұрыс па? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Alasha art өнер орталығының жетекшісі, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, этнограф Бұлбұл Кәпқызы түсіндіріп берді.
Бұлбұл Кәпқызы бұрын тұрмыста болған әйелге сырға салып, құда түсуде еш әбестік жоғын айтады.
"Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Патша да, бай да сүрінеді. Әйел адам да бақытты болуға лайық. Ажырасқан әйелге де сырға салу дұрыс деп санаймын. Себебі ол келген ауылына жаңадан келін болып түсіп жатыр. Бұрынғы күйеуіне қайтадан қосылып жатқан жоқ. Тұрмысқа шығып жатыр. Сондықтан барлық рәсім жасалуы керек. Сырға да салынып, беташар да жасалуы керек. Себебі сырға салғаннан ешбір адамға, қоғамға зияны болмайды ғой. Екі адамның бақыты үшін жасалып жатқан рәсімдер. "Әйел қырық шырақты" деген ертеден айтылған даналық сөз бар. Сол шырақтың біреуі болмаса, біреуі жанады. Адыңғы некесінде қателескен шығар, жарайды. Бірақ екінші рет шырағы жануға болады ғой", - дейді этнограф.
Маман беташар мен сырға салудың түпкі мағынасын түсіндіріп берді. Оның сөзінше, ертеде қыз балаға сырға емес, үкі тағылған.
"Беташардың мәні - жаңа түскен келін ата-енесімен, сол ауылдың әулетімен танысуында. Ал сырға салудың мағынасын айтар болсақ: ертеде сырға емес, үкі таққан. Одан кейін айттырылады, яғни қыз қалыңдық атанады. Қыз бала қалыңдық атанғаннан кейін үкіні бөркіне не тақиясына тағып, үкілі қыз болады. Басқа адам ол қызға сөз айтпайды. Бүгінде ол сырға салу рәсімімен айырбасталды. Оның өзінде қыз балаға алтын сырға тағады. Ертеде үкі тіл-көзден сақтап, аман-есен жүрсін деген мағына берген. Ал қазір алтын сырға салудағы мағына - құлағың жамандық естімесін, қызымыз алтынға пара-пар, бір алтынымызды беріп жатырмыз деген ой болған. Алтын - бақыттың, қуаныштың, шаттықтың белгісі іспетті болған. Екінші рет тұрмысқа шықты деп сөгудің қажеті жоқ. Адам бақытты болуға лайық. Қазақтың салтымен тұрмысқа шығуын құп көремін", - дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Этнограф бүгінде ондаған адамға дастарқан жайып, "сырға салудың" өзіне шашылып жататын адамдарға қатысты ойын айтты. Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, адамға төрелік жасап, сенікі дұрыс не бұрыс деп айту дұрыс емес.
"Кезінде адамдар кез келген қуанышын мүмкіндігіне қарай жасаған. Адам қуанышын атап өтіп жатса, біз неге қарсы боламыз? Бұлай істеуге болмайды деп айтудан аулақпын. Кез келген адам бақытты болуға лайық. Сондықтан "сырға салды, беташар жасады, екінші рет тұрмысқа шықты" деп сөгуге болмайды. Өз басым екінші рет тұрмысқа шықса сырға салуын да, беташар жасауын да қолдаймын. Оны қандай деңгейде тойлайды сол адамның өзінің мүмкіндігіне байланысты", - деп түсіндірді этнограф.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!