Ержан Сәденов ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Аманжолов атындағы ШҚМУ, ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген.
Ішкі істер органдарында 1993 жылдың шілдесінен бастап қызмет етеді.
Әр жылдары Риддер және Өскемен полиция басқармаларының бастығы болып жұмыс істеді. ШҚО полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын басқарды. Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Жедел департаментінің бастығы және көліктегі полиция департаментінің бастығы болды.
2016 жылдан 2019 жылға дейін Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.
2022 жылдың қаңтарынан Ішкі істер министрінің орынбасары болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!