Қазақстандық жас әнші Ержан Максим ән байқауларында жеңіп алған сыйақыларын қайда жұмсағанын еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Голос. Дети" байқауында маған, әрине, 1 миллион рубль берді. Ол кезде 8 миллион теңге болатын. Сол 8 миллион теңгеге үйдегі барлық кредитті жаптық. Содан кейін әкеме көлік алып бердім. Сондай бір күшті, керемет сезім болды сол кезде. Сол байқаудан кейін, әрине, бір ағаларым болды. Ол кісілер iPhone, iPad, MacBook берді. Жалпы техниканы көп алғанмын", - деді ол Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы 1001 түн бағдарламасының эфирінде.
Еске салайық, бұған дейін Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo best song 2025 ән байқауының Гран-приін жеңіп алды. Ол бұл туралы 17 жастағы оралдық әншінің өзі Instagram-дағы парақшасында жазып, сүйінші сұраған еді.
"Sanremo best song 2025 Dubai халықаралық әншілер конкурсын бағындыру бұйырған екен, қадірменді ағайын. Ендеше, ерекше сезіммен осы жеңісімді барлық менің өнерімді бағалап, осы күнге дейін мені қолдап жүретін қазақ еліме басымды иемін!!! Бірақ осы жолы бесіктен осы күнге мәпелеп өсірген, өнеріме бар өмірін арнаған анам мен әкешіме арнағым да келеді! Туған-туыс пен жақындарыма, ұстаздарым мен достарыма және барлық қолдау білдірген жан ағаларыма!!!", - деп жазды ол.
Ержан Максим Оралда дүниеге келген. Ол Ресейдің "Первый канал" телеарнасындағы "Голос" жобасына, сондай-ақ көптеген отандық және шетелдік вокалдық байқауға қатысқаннан кейін танымал бола бастады.
Екі жыл бұрын ол WAF CONTEST әлемдік байқауының Гран-приін жеңіп алды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!