Әзербайжан мен Армения шекарасында тағы қақтығыс болды. Бұл екі елдің арасындағы алғашқы жанжал емес. Бірнеше жылдан бергі қақтығыс биыл да шиеленісті. Екі ел арасындағы осы жолғы жағдай туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Қақтығыс қашан басталды?
13 қыркүйекке қараған түні Әзербайжан мен Армения шекарасында қарулы қақтығыс басталды. Бірақ бастапқыда екі елдің Қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат беріп отырды. Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан қарулы күштерінің артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы Армения шекарасын атқылай бастағанын айтса, ал Әзербайжан Қорғаныс министрлігі армян әскері ауқымды арандатушылық жасады деп айыптады. Әзербайжан тарапының мәліметінше, қақтығыс кезінде Әзербайжан әскерилері атқылауға ұшыраған.
Артынша Әзербайжан шекарада болып жатқан қақтығысқа қатысты тағы да мәлімдеме жасады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, армениялық БАҚ-та Әзербайжанның Арменияға басып кіргені туралы ақпарат нағыз "абсурд".
"Жалғыз басқыншы және агрессор - Армения Республикасы", - делінген министрліктің хабарламасында.
Адам шығыны бар
Сол күні, яғни 13 қыркүйекте Армения 49 әскеридің қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы премьер-министр Никол Пашинян айтты.
Шет елдердің реакциясы
Екі ел шекарасындағы жағдайға алғашқылардың бірі болып АҚШ пікір білдірді. Елдің мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен шекарадағы жағдайға алаңдап отырғанын және қақтығыс әскери жолмен шешілуі мүмкін емес екенін айтты.
"Кез келген әскери қимылды тоқтатуға шақырамыз", - делінген мемхатшының хабарламасында.
Армения мен Әзербайжан қақтығысына Рим папасы Франциск те алаңдап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Нұр-Сұлтанда өткен месса кезінде айтты.
"Сол аумақтарда бейбіт келісім жасалып, дау-дамай болмасын деп дұға етуді жалғастырайық. Әлем бейбіт өмір сүруді үйренсін", - деді Рим папасы.
©РИА Новости
ҰҚШҰ кезектен тыс сессиясы өтті
Көп ұзамай 14 қыркүйекте ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Арменияның ұсынысымен өткен отырыс бейнебайланыс режимінде өтті. Сонымен қатар, саммитке Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков қатысты.
Олар әзербайжан-армян шекарасында болған оқиғаларға қатысты Пашинянның мәліметін тыңдады. Тоқаев сессияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде қақтығысты тек саяси-дипломатиялық жолдармен шешу қажет екенін айтты.
Екі ел бітімге келді
Кеше, 15 қыркүйекте Армения мен Әзербайжан бітімге келді. Бұл туралы қоғамдық теледидар эфирінде Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян мәлімдеді.
"Халықаралық қауымдастықтың араласуының арқасында 14 қыркүйекте сағат 20:00-ден бастап бітімге келу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Әзербайжан бұл келісімді сақтайды деп үміттенеміз", - деді Григорян қоғамдық теледидар эфирінде.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Бакумен арада қол қойылуға дайындалып жатқан құжат немесе келісім жоқ.
Айта кетейік, Қарабақтағы жанжал 1988 жылдың ақпанында Таулы Қарабақ автономдық облысы Әзербайжан ССР-нің құрамынан шығатынын мәлімдеген кезде басталған болатын. 1992-1994 жылдар арасындағы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылау күшінен айырылған. 1992 жылдан бастап жанжалды бейбіт шешу мақсатында үш төраға - Ресей, АҚШ және Франция бастаған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясында келіссөздер жүргізіліп келе жатыр.
Әзербайжан өзінің аумақтық тұтастығын сақтауды талап етсе, Армения мойындалмаған республиканың мүдделерін қорғайды, себебі Таулы Қарабақ Республикасы келіссөздер тарапына жатпайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!