Ұлттық спорт - ұлттық рух пен намыс атой салатын жер. Ол әлемдегі әр ұлтты ерекшелеп тұратын құндылық қатарында. Massaget.kz тілшісі ұлттық спорттағы бұрымдылар туралы зерттеп көрді.
Алғашқы кейіпкеріміз - небәрі 20 жастағы алматылық құсбегі Аяжан Даниярқызы. Өзі Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық зерттеу университетінің 3-курсында компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша оқып жатыр. Ал құсбегілік өнерді қолға алғалы шамамен 2 жылға жуықтады.
“Негізі “Сұлтансері” этноөнер орталығына садақшы қыздар кастингі бойынша келгенмін. Сонда ұстазым Сұлтансері Бекетұлының құс баптағанына қызығып, қолғабыс жасап жүріп, кейін осы жолға бұрылдым”, - деді Аяжан.
Кейіпкеріміз бүркіт даланың еркін құсы болса да еркіңе көндіру соншалық қиын емес екенін айтты. Ең бастысы, онымен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас құра білу керек.
“Құс баптау кезіндегі қызық жәйтті айтып берейін. Ең алғаш дайындаған қыраным маған бауыр басып қалғаны сонша, өзге адамдарға, тіпті ұстазыма да бармай қойған. Жас болғандықтан смартфонға жиі үңілеміз. Сонда қолымдағы бүркіт телефон камерасына қызығып қарап отырады”, - деді құсбегі қыз.
Аяжанның сөзінше, бүркіттің жасын құйрық қанаттарына қарай болжайды. Ал олар күніне шамамен жарты келі таза ет жейді. Оның өзі жыл мезгіліне, құстың күйіне қарай өзгеруі мүмкін. Негізгі қорегі - тазаланған, майсыз асыранды қоян, сиыр, жылқы еті.
Аяжан еліміз бойынша әзірге жалғыз құсбегі қыз екен. Болашақта қатары көбейетініне сенімді. Спорттағы жолы екі жыл бұрын ғана басталса да көптеген жарысқа қатысып, финалға дейін жеткен.
“Құсбегілік — хоббиім, сондықтан одан пайда табу ойымда жоқ. Болашақта шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортты бүкіл әлемге танытқым келеді”, - деді ол.
Ендігі кейіпкерімізді күнделікті боз кілемнің үстінен табасыз. 23 жастағы Зарина Сарипова - Шымкент университетінің түлегі, ұлттық құрама мүшесі.
Спортпен, оның ішінде дзюдо күресімен 14 жасынан бастап айналысып келеді. 2021 жылы қазақ күресінен ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Содан бері ұлттық спорттан қол үзген емес.
“Ата-анам үнемі қолдап отырады, жарақат алғанымда уайымдап “мүмкін қоярсың” дейтін. Бірақ спортқа қызығушылығымды, жарыстардағы нәтижемді көріп, райынан қайтады. Маған төл күресіміздегі әдістер, қазақы нақыштағы берен қатты ұнайды”, - деді спортшы ару.
Кейіпкеріміздің ең басты жетістігі - әлем чемпионатында биік тұғырдан көрінгені. Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанып, “Ерең еңбегі үшін” төсбелгімен марапатталды. 65 келі салмақ дәрежесіндегі қыздардың алды боп жүрген Зарина спорт, ең алдымен, тәртіпке, шыдамдылыққа үйрететінін жеткізді.
“Нәзіктігімді жоғалтпадым деп ойлаймын. Себебі көп адам “күреске қатысатын қызға ұқсамайсың” дейді. Мен мінезімді жарыста, кілем үстінде ғана көрсетуге тырысамын”, - деді ол.
Ендігі мақсаты – биыл елде өтетін көшпенділер ойындарында тағы топ жару. Сондай-ақ әлем чемпионатында алға озғысы келеді.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!