Ата-ана балаларымен зорлық секілді жағымсыз тақырыптарға жиі сөйлеспейді. Олардың ойынша, балалары ешқашан зорлыққа ұшырамайды немесе бұл әңгімені неден бастарын білмейді. Бірақ бұл - отбасы тәрбиесіндегі өзекті мәселенің бірі. Ibalaqai сарапшылары бұл туралы баламен қалай сөйлесу керегін және бала қалай әрекет ету керегін түсіндірді.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әрбір үшінші бала бұл туралы ешқашан айтпайды. Себебі ол тақырыпты қозғаудан қатты ұялады. Баланың ойынша, айтарлықтай ештеңе бола қойған жоқ, бірақ ол өзін жайсыз сезінеді.
Сарапшылардың сөзінше, зорлық жасайтындардың 7 пайызы ғана бейтаныс адамдар. Аяусыз зорлыққа баратындардың көбі таныс адамдар - туыс, мұғалім не ата-анасының достары.
Әдетте, жыныстық зорлық қалай басталады?
Алдымен зорлаушы балаға ерекше қарай бастайды. Бұрын-соңды істеп көрмеген нәрсені бірге жасауға тырысады. Баламен ортақ құпиялары пайда болады. Балада зорлаушыдан артық оны ешкім түсінбейді деген сезім пайда болады.
Ол балаға сыйлықтар алып береді, көңілін аулауға тырысады. Нәтижесінде бала өзін міндетті сезіне бастайды. Кейін зорлаушы балаға интим пікір айтып, құшақтай бастайды. Оның қылығы жыныстық қатынасқа да әкелуі мүмкін.
Бұл - баланың жеке шекарасын бұзу. Балада "шынымен маған ерекше қарым-қатынас көрсете ме?" деген сұрақтар туындайды.
Балаға ескертпе!
Алдымен сын айтпай, өзіңді тыңдайтын ересек жақыныңа жүгін. Егер ол адам ойдан шығарып алдың десе, басқа адамға барып мән-жайдың қалай болғанын айтып бер. Сен қарым-қатынасты кез келген уақытта үзе алатыныңды ұмытпа!
Балаға қалай көмек беру керек?
Бала өзін кінәлі санап, бұл туралы ешкімге айта алмайтындай күйге түсуі мүмкін. Бұл жағдайда балаға ерекше назар аудару керек. Алдымен оған сенетіңізді және кез келген жағдайда жанынан табылатыныңызды айтыңыз. Себебі бала бұл туралы ашық айта алатын, өзіне сенетін адамды іздейді.
Есіңізде болсын, зорлық туралы айту ешқашан кеш емес!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!