"Ерекше қала. Керемет тыңдарман". Spirit of Astana қалай өтті?

"Ерекше қала. Керемет тыңдарман". Spirit of Astana қалай өтті?
Фото: Глеб Терлецкий©

Астанада 30 тамызда таңертең жаңбырлы болды. Аспанды қара бұлттар жауып, осындай ауа райы күні бойы сақталатындай көрінді. Ауа райы болжамы да қуантарлық емес еді. Кенеттен түске қарай күн шықты. Құдды The Spirit of Astana ұйымдастырушылары жоғарыдағы біреулермен - аспан кеңсесімен келісіп келгендей.

Сонымен, түстен кейін EXPO көрме кешені алаңында адамдар біртіндеп жинала бастады. Көрермендерді қызықтырған бірінші нәрсе - ұлттық ойындар. Онда жас айырмашылығына қарамай, қарт пен жас қуана ойнады. Тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, ханталапай секілді ойындарға айналып, адамдар бір-бірінен ажырамады.

Кейбірі ұлттық ойынның қызығын қызықтап жүргенде, әуесқойлар қолөнершілер жәрмеңкесін аралап көрді. Бұл жерде, шынымен де, көз салып қарайтын дүние көп болды. Ұлттық әшекейлер, суреттер, киізден жасалған бұйымдар, музыкалық аспаптар және ерекше бас киімдер. Жанкүйерлер үшін жұмақ дерсің.

Сағат 17:00-ге жақын адам саны көбейе түсті. Астаналықтар ерекше бір нәрсе күтіп тұрғандай көрінді. "Концерт басталғанға дейін 5 минут қалды" - соңғы минуттар әртістер үшін де, ұйымдастырушылар үшін де ең қызықты. Фестивальдің басталғаны туралы хабарландыруды естіген адамдар сахнаға жақындай түсті. Барлығы музыканттарға жақын болғысы келді. Міне, сахнада ұлттық киім киген жігіттер пайда болады. TURAN тобы The spirit of Astana-ны ашты.

TURAN тобы (Қазақстан). Сурет: Глеб Терлецкий

Топ мүшелері бірінші болып өнер көрсету әрқашан қиын екенін мойындады. Сахнаға шыққан алғашқы минуттардан бастап көрерменмен байланыс орнату өте маңызды. Бұл қазақстандық топқа қиын болмаған. Ұлттық аспаптардың дыбыстары мен музыканттардың әні келген әр адамның кеудесінде ойнағаны сезілді.

"Біз көптеген елде өнер көрсетеміз, бірақ өз Отанымызда өнер көрсету мүлдем басқа сезім, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені әуендерімізді, сөздерімізді және музыкамызды халқымыз біледі, жақсы көреді. Сондықтан әдеттегіден де жақсы ойнауымыз керек. Бұл біздің халқымыз бен көрермендеріміздің алдында ғана емес, қонақтарымыздың алдында да үлкен жауапкершілік. Біз фестивальді ашып қана қоймай, барлық қонақтарымызды қарсы аламыз. Өнер көрсету барысында көрерменнің әуенді сезінгені соншалық, олардан ерекше бір энергетика ұрып, тіпті өзіміз сахнада билегіміз келді", - дейді топ мүшесі Серік Нұрмолдаев.

Көңіл күйді көтеруді Өзбекстаннан келген - ABBOS тобы жалғастырды. Ұжым жетекшісі Равшан Юнусов елордаға келгеннен кейін денсаулығы нашарлап, қызуы көтерілгенін айтты. Бірақ концерттен кейін бәрі түбімен жойылған.

"Иә, мен ауырып қалдым, бірақ сахнаға шыққаннан кейін ауырмағандай сауығып кеттім. Өзімді жақсы сезіндім! Өнер адамы үшін ең бастысы - көрермендердің қолдауы, егер жұртшылық қолдаса, онда әртіс өзінің ауруын ұмытады. Астана халқы өте рухани екен. Мен бүгінгі ауа райына байланысты көрермен аз болады деп ойладым, сахнаға шығып, алаңға қараған кезде қатты таңғалдым. Рақмет!", - деп бөлісті Равшан Юнусов өнер көрсеткеннен кейін.

Фестиваль Астана әкімдігінің қолдауымен өтті. Жоба серіктесі - Jusan.

ABBOS тобы (Өзбекстан). Сурет: Глеб Терлецкий

Кейінірек көрермендер келесі әртістерді - израильдік BINT EL FUNK тобын күтті. Әзірге олар шығуға дайындалып жатыр, фестивальдің атмосферасын DJ Puzzo қолдады. Ол VI Дельфий ойындары бойынша Қазақстанның үздік DJ-і. Кейбір астаналықтар оның шығармашылығына бұрыннан ғашық. "Puzza керемет!"

DJ Puzza (Қазақстан), Сурет: Глеб Терлецкий

Келесі сахнаға өзінің BINT EL FUNK командасының сүйемелдеуімен сүйкімді Shiran Karny шықты. Топ алғаш рет қазақстандық сахнада. Олар фестивальде өнер көрсеткісі келгені соншалық, Shiran Karny өзінің кішкентай сәбиі Нинамен бірге осында ұшып келген.

Shiran Karny, BINT EL FUNK (Израиль). Сурет: Глеб Терлецкий

"Сәлем, Қазақстан! Рақмет", - деп бастады сұхбатын BINT EL FUNK тобының солисті. "Маған барлық көрерменнің билеп, күліп тұрғаны ұнайды. Біздің музыкамызға ғашық болды деп үміттенемін. Бізде ешқандай толқу болған жоқ, бүкіл әлемде өнер көрсетеміз. Бірақ бұл - елімнен ана ретінде бірінші рет шығуым, сондықтан бұл аздап толқытты".

Қазақ тілінде сөйлеп, қонақтарды таңғалдырған тек израильдік әртіс емес. Міне, сахнадан венгриялық KEREKES BAND ұжымындағы Жомбор Фехердің "Сіздермен бауырмыз!" деген дауысы естілді – көрермен оны ду қол шапалақ ұрып қарсы алды. Содан кейін Жомбордың флейтасының дыбысы одан да керемет күйге бөледі - ол Абайдың "Көзімнің қарасы" сөзінің әуенін орындады.

Жомбор Фехер, KEREKES BAND (Венгрия). Сурет: Глеб Терлецкий

"Мен осы үлкен EXPO шарын, күннің батуын көргенде, бұл сәтті өмірімнің соңына дейін есімде сақтайтынымды түсіндім. Біз өнер көрсетіп, адамдардың күлімдеген жүздерін көргенде, әнімізбен жұртшылыққа жеткізгіміз келгеннің бәрі орындалғанын түсіндім. Барлығы Астанадан басталды, біз үшін бұл ерекше қала, фестивальге алғаш рет осында келдік", - деді Жомбор Фехер.

Ал, грузиндік MGZAVREBI тобының өнері астаналықтар үшін тым ерекше болды. Оны күтті. Оған қосылып ән айтты. Грузияның туын желбіретіп, грузиндік мотивтен ләззат алды. Бір орында тұру мүмкін емес еді. Бұл уақытта Астана әбден ымыртқа еніп үлгерген болатын. "Нұр Әлем" шары әртүрлі түстер және геометриялық пішіндермен жарқырап, одан да тартымды болды. Көрермен көбейе түсті.

MGZAVREBI (Грузия). Сурет: Глеб Терлецкий

Сурет: Глеб Терлецкий

Фестиваль Қазақстан халқына Конституция күнінде нағыз музыкалық сый болды. Бәлкім, бұдан да ұзағырақ шулау мүмкін болса, астаналықтар MGZAVREBI тобын сахнадан жібермес еді. Бірақ фестиваль аяқталуға жақын қалды. Барлық топ тағы да сахна төріне көтеріліп, келесі жылға дейін елордалықтармен қоштасты. Бұл жаздың жарқын және қызықты соңы болды, ол ұзақ уақыт бойы есте сақталады.