Ақтөбелік Ерболат Қуанышев ерекше хоббимен айналысады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен азамат сиырдың сүйектерінен түрлі бұйым, кәдесыйлар жасайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбенің Заречный ауданында тұратын Ерболат Қуанышев 12 жылдан бері асық жинаумен әуестенеді. Осы уақыт ішінде жинаған асығының саны 3 мыңнан асқан. Қазір шеберханасы тау болып үйілген асыққа толы. Ерболаттың өзі мал шаруашылығымен айналысады. Малды сойып етін сатады. Алғашқы жылдары сойылған сиырдың асығын хобби үшін жинапты.
"Бастапқыда асықты тек хобби үшін жинадым. Уақыт өте келе көлемі үлкейе берді. Он екі жылда 3 мыңнан асыпты. 2017 жылы "Экспо-2017" көрмесіне шақырту түсті. Асықтан бұзаулы сиырдың мүсінін жасап апармақ болдым. Алайда уақыт тығыз болып, үлгере алмай қалдым. Ол уақытта асықтың да саны аз болатын. Ал қазір көбейді. Енді сол мүсінді жасағым келеді. Интернеттен қарап жүрмін. Қойдың асығынан мүсін жасау қиын емес, Қаңқасын істегенде иілгіш болады. Ал ірі, сиярдың асығыннан жасау қиындау", — дейді Ерболат Қуанышев.
Ерболат асықты тазартудың да өз әдісі бар екенін айтады. Асықтың саны 50-60-қа жеткенде қазанға салып кемі 3-4 сағат қайнатып, майын алады. Содан кейін тазартып, жуады. Кейін қынамен бояйды. Ерболаттың асықтарын Ақтөбеде ұйымдастырылатын "Қазақ күресі", "Ақтөбе барысы" секілді жарыстарға жеребе тарту үшін сұратып алады екен. Бұндай асықтарды нөмірлеп қояды. Малдың ірілігіне қарай асықтың да көлемі бөлек болады. Мәселен, салмағы 350 келі тартатын сиырдың асығы ірі болғандықтан оларды бөлек жинайды.
Ерболат сойылған малдың сүйектерін далаға тастамайтынын айтады. Олардан түрлі бұйымдар, кәдесыйлар жасайды. Мәселен, "Жеті қазына", "Жігіттің үш жұрты", "Жеті ырыс" секілді қазақ дүниетанымына қатысты сөздерді сүйекке жазып, сәндік бұйым ретінде жасайды.
"Сиырдың ортан жілігінен қолшоқпар жасадым. Қазір бұндай шоқпарлар мұражайда тұр. Бұл — қару. Салмақтың бәрі басында тұрады. Бұны да қайнатып, бояймыз. Бұдан бөлек сәндік үшін сүйектен люстра, мүйізден қымыз, шұбат ішетін ыдыс, садақ, түрлі нақыл сөздер жазылған кәдесыйлар жасаймын. Мүйізді алудың да реті бар. Бастың түбінен ептілікпен кесіп аламыз. Және жаздың күні аламыз. Қыста болмайды. Сосын ішіне ет, өкпе, бауыр салып шірітеміз. Түбіне құрт барғаннан кейін, іші шіріп түседі. Мүйізді күннің көзіне тастауға болмайды", — дейді Ерболат.
Ерболат қолы қалт еткенде ұлдарына асық өңдеуді, сүйектен қалай бұйым жасау керектігін үйретеді. Соңғы уақытта ағайын-туыстар мен таныстардан тапсырыстар түсе бастаған. Ерболат оларға тегін жасап беріп жүргенін айтады. Болашақта асықтың санын көбейтіп, Гиннестің рекордттар кітабына енуді мақсат етіп қойыпты.
Кәмшат Қопаева
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз