- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ерекше бұлттар жер...
Ерекше бұлттар жер сілкінісін тудыратыны рас па?
Әлеуметтік желі қолданушылары Мексикада байқалған ерекше пішінді бұлттардың видеосын таратып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі StopFake.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған ақпаратта дәл осындай бұлттар бұған дейін Түркия, Марокко және Чилиде болған. Бұл жер сілкінісінің болуына әкелгені айтылады. StopFake.kz мәліметінше, бұл - өтірік.
Видеода Мексика астанасының аспанында қалыптасқан лентикулалы бұлттар көрсетілген. Оларды линза тәрізді бұлттар деп те атайды. Табиғатта бұл құбылыс сирек кездеседі. Лентикулалы бұлттардың басты ерекшелігі – жел болса да, қозғалмай тұратыны. Олар атмосферада ылғал көп болған кезде пайда болады. Көбінесе көктемде немесе қыста.
Пішіні ерекше болғандықтан адамдар линза тәрізді бұлттарды кейде ұшатын ғарыштық нысандар деп ойлап қалады. Дәл осы табиғи құбылысты олар қателесіп, бейтаныс ұшатын нысан деп атайды.
2022 жылдың желтоқсанында лентикулалы бұлттар дауыл тудырады деген ақпарат шықты. Ол кезде фактілерді тексеруге арналған lead Stories интернет-ресурсы ауада су буының әдеттен тыс жиналуы – бұл қолайлы жағдайлары бар ландшафттың қарапайым элементі деп түсіндірді.
2023 жылғы 6 ақпанда Түркия мен Сирияда жер сілкінісі болған кезде көптеген әлеуметтік желі қолданушылары ерекше пішінді бұлттарды айыптады. Reuters халықаралық агенттігі мен USA TODAY газетінің фактчекерлері бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Ғалымдардың пікірінше, жер сілкінісі жер қыртысының кенет қозғалуынан орын алған. Тремор жарықтар, яғни жер қыртысының жарылған жерінде болған. Жер сілкінісі көшкіннен, жанартаулардың белсенділігінен, жердің сумен ажырауынан және шахталардағы жарылыстардан болуы мүмкін, бірақ лентикулалы бұлттардан емес.
Жерде мұндай бұлттар екпінді желге әкелуі ықтимал, бірақ бір жерде ғана. Ал лентикулалы бұлттардан жүздеген метр қашықтықта ауа райы тынық болады. Демек, линза тәрізді бұлттар жер сілкінісін тудыра алмайды. Бұл жер бетіне ешқандай әсері жрқ сирек кездесетін табиғи құбылыс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина