Медиа сарапшылар "Журналистер аккредитациясын бекіту тәртібі туралы" жарлық жобасына қатысты пікір білдіріп, ондағы бірнеше ереже журналистердің құқығын шектейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарлық жобасында іс-шара өткізу тәртібін бұзған журналистерді іс-шараға жібермеуді, сондай-ақ журналистерге мемлекеттік органдардан алған ақпаратты аккредитациясы бар басылымнан тыс жерде таратуға тыйым салатын нормалар бар.
Сондай-ақ аккредитация беруші ұйым іс-шара өткізу тәртібін өзі бекітеді.
Mediaqoldau заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова бұл журналистердің құқығын шектейді деген ұстанымда.
"Журналист аккредитация тәртібін жиі бұзса, ол аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Біз бұл шектеуді алып тастау керегін айттық. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі оны қабылдамады", - деді сарапшы ZOOM-да онлайн-брифингте.
Оның пікірінше, жарлық жобасы "Масс-медиа" туралы заң мен Ата заңға қайшы келмеуі керек.
Құқықтық медиа орталығының жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі енгізген түзетулер позитив болып көрінгенмен, ондағы түсінік резеңке сияқты созыла береді.
"Мемлекеттік органдарға көп "мүмкіндік" беріп, қандай да бір мүддесін қорғауды көздейді. Менің ойымша, "Масс-медиа" туралы заңды "масс-медиа" деп емес, "мемлекеттің медианы реттеуі" деп айтуға болады. Өйткені мұнда бәрі мемлекеттің журналистердің жұмысын реттеуіне бағытталған", - деді ол.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ пен журналистерге аккредитация беру тәртібін әзірлеген. Оған сәйкес, шетелдік журналистерді аккредиттеудің 3 түрі болады:
Өтінімді қарау мерзімі – 2 айға дейін, кейде бірнеше рет (тағы 2 айға) ұзартылуы да мүмкін.
Сонымен қатар шетелдік БАҚ өкілі Қазақстан заңнамасын бұзса, ол аккредитациясынан айырылады.
Internews Kazakhstan халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко жобадағы бұл нормаларды қайта қарау керек деген ұстанымда.
"Бүгінде заңға көптеген түзету енгізіліп отыр. Бұл мәселе тудырады. Сондықтан оны СІМ-мен бірге ақылдасуымыз керек. Өйткені біз осы жобаның қабылданғанын қаламаймыз", - деді заңгер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!