Ердоғанды президент, Путинді премьер күтіп алды. Неге?

Ердоғанды президент, Путинді премьер күтіп алды. Неге?
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев неге кей елдің президентін өзі күтіп алады, ал кейбірін премьер-министр әуежайдан қарсы алып жатады? Неге ұлттық киім киген қыздар кей президентке гүл береді, кейде тіпті қарсы алуға қатыспайды? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді.

Шетелдiк ресми делегацияға протоколдық рәсiмдер мен сый-құрмет сапардың ауқымына, делегацияны басқаратын тұлғаның (ол президент немесе басқа да жоғары лауазымды тұлға болуы мүмкін) мәртебесiне, екiжақты қатынастардың деңгейiне сәйкес, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескерiле отырып көрсетiледi.

Негізі шетелдік президенттердің елге сапардағы өз статусы болады: Мемлекеттiк сапар, ресми сапар, жұмыс бабындағы сапар, ҚР Президентiнiң жеке мейманы ретiндегi сапар, бейресми сапар және жол-жөнекей сапарлар. Оның бәрі "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк протоколында" жазылған. Әр сапарда мейманды кім күтіп алатыны, қандай әрекеттер болатыны сонда толық жазылады.  

Мемлекеттiк немесе ресми сапарлар

Президенттер мемлекеттiк немесе ресми сапармен келсе, оған аса жоғары мән беріледі. Ерекше жағдайларда немесе шетелдік президент алғаш рет келгенде оны мемлекеттік сапар деп атайды. Ал егер белгiлi бiр саяси-экономикалық мәнi бар болса, ол ресми сапар делінеді. Екеуінде де сый-құрмет жоғары деңгейде болады. 

Ұшақ әуежайға қонған кезде Президент Протоколының басшысы және сол елдің елшісі бортқа көтерiліп, мейманды сыртқа шығуға шақырады.

Мейманды ұшақ басқышының алдында Президент қарсы алады. Ал егер шетелдік президент жұбайымен келсе, Мемлекет басшысы да жұбайымен күтіп алады. Мысалы, таяуда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елордаға мемлекеттік сапармен келген, ол кезде оны Тоқаев өзі күтіп алған болатын. 

Одан кейін, қазақтың ұлттық киiмiн киген қыз мейманға гүлдер тапсырады. Шетелдік президент жұбайымен келсе, гүл ұстап, екі қыз шығады. Артынша, Республикалық ұланның оркестрi екi елдiң мемлекеттiк әнұрандарын орындайды. Мейман елiнiң мемлекеттiк әнұраны бiрiншi болып орындалады.

Ал егер бұл шараға Республикалық ұланның құрметтi қарауылы қатыспаса, мейманды әуежайдан Президент емес, сыртқы істер министрі немесе оның орынбасары, Yкiмет мүшесi, елшілер қарсы алады. Мұның бәрі екі ел арасында алдын ала келісіледі. 


Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Жұмыс бабындағы сапарлар

Егер мейман қандай бір келiссөздерге, халықаралық кеңестер мен конференцияларға қатысуға, консультациялар өткiзуге, көрменi немесе қандай да бiр объектiнi ашуға келсе, бұл - жұмыс бабындағы сапар.

Әуежайда мейманды сыртқы iстер министрi не оның орынбасары, бекiтiлген лауазымды тұлға, қала әкiмi не оның орынбасары, қонаққа келген мейман елінің елшiсi, Қазақстанның мейман елiндегi елшiсi қарсы алады және шығарып салады.

Мысалы, Ресей президенті Владимир Путин таяуда АӨСШК құру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылған саммитке, кейін "Орталық Азия - Ресей" саммитіне қатысу үшін Астанаға келген болатын. Ол жұмыс бабындағы сапар болғандықтан, Путинді премьер-министр Әлихан Смайылов қарсы алған еді.

Жұмыс бабындағы сапарлар барысында мейманды қарсы алу, шығарып салу және бiрге жүру деңгейi ресми сапарлардан төмен болады.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң жеке мейманы ретiндегi сапарлар

Президенттiң жеке мейманы ретiндегi сапарлар Мемлекет басшысының жеке шақыруы бойынша жүзеге асырылады және ұйымдастыру тұрғысынан тараптардың уағдаластығына сәйкес ресiмделедi.

Әуежайда мейманды Президенттiң өкiлi қарсы алып, шығарып салады. 

Бейресми сапарлар

Бейресми сапарларға шетел мемлекеттiк қайраткерлерiнiң Қазақстан Республикасына жеке iстерi бойынша, мысалы демалысқа, туризм және басқа да мақсатында келуi жатады.

Шетел мемлекетi басшысының бейресми сапарын өткiзу кезiнде делегацияны қонақүймен, автокөлiкпен, жеке күзетпен қамтамасыз ету көзделедi.

Жол-жөнекей сапарлар

Жол-жөнекей сапарлар Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жол жүретiн аса жоғары немесе жоғары деңгейдегi ресми делегацияның Қазақстанға қысқа уақыт болуына байланысты болады.

Меймандардың өтiнiшi бойынша және тиiстi уағдаластыққа қол жеткiзiлген жағдайда, Қазақстанның лауазымды адамдарымен кездесулер және сұхбаттасулар ұйымдастырылады.

Ал жол-жөнекей сапармен келген шетелдік президентті Қазақстан Республикасының ресми лауазымды тұлғасы, сыртқы iстер министрiнiң орынбасары, облыс (қала) әкiмiнiң орынбасары, Мейман елiнiң Қазақстан Республикасындағы елшiсi қарсы алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш