Ердоған сырқаттанып қалғаннан кейін алғаш рет жұрт алдына шықты

Ердоған сырқаттанып қалғаннан кейін алғаш рет жұрт алдына шықты
Фото: ANADOLU AJANSI

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сырқаттанып қалғаннан кейін алғаш рет жұрт алдына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Anadolu басылымына сілтеме жасап.

Түркия президенті Ыстамбұлда өткен TEKNOFEST-2023 фестиваліне қатысты. Басылым Ердоған сөйлеген шараны тікелей эфирде көрсетті.

"TEKNOFEST авиация, космонавтика және технология фестивалі өз саласында халықаралық брендке айналды. Мен бүгінгі көрмеге келушілер арасынан болашақ ғарышкерлер, өнертапқыштар, инженерлер және физиктер шығатынына сенемін", - деді Ердоған.

Мемлекет басшысы TEKNOFEST фестиваліне Түркияның 81 облысы мен әлемнің 96 елінен 333 мың команда қатысып жатқанын еске салды. Қатысуға үміткерлер саны 1 миллионға жеткен.

Авиация, космонавтика және технологиялар фестивалінің құрметті қонақтары Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Ливия премьер-министрі Абдульхамид Дибейбе. Фестивальдің мақсаты – қоғамның, әсіресе жастардың технологияға деген қызығушылығын арттыру, Түркиядағы заманауи жаңалықтар мен жетістіктер туралы хабардар ету.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған барлық қоғамдық шараларды тоқтатқан болатын.

Еске салайық, 26 сәуірде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тікелей эфирде өзін нашар сезініп, сұхбат үзілген болатын. БАҚ түрік көшбасшысы тұмауға шалдыққанын жазды.

Түркия президенті Ердоған инфаркт алды - БАҚ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан