Ерболат Досаев тағы бір лауазымынан айырылды

Ерболат Досаев тағы бір лауазымынан айырылды
Фото: Алматы әкімдігі

Ерболат Досаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қор мәліметінше, Үкімет қаулысына сәйкес Президент әкімшілігі басшысының орынбасары "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болады.

"Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 наурыздағы жарлығына сәйкес Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды және тиісінше оның "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Ерболат Досаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне 2025 жылы 19 қыркүйекте тағайындалған еді. Осылайша ол бұл қызметте жарты жыл жұмыс істеді.

Ерболат Досаев туралы не белгілі?

Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын бітірді. Алматы энергетика институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техника университетін тәмамдады.

Қызмет жолы:

  • 1997 ж. - "Тұран Әлем Банкі" ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары, "АТФ Банк" ЖАҚ басқарма төрағасы;
  • 1998 ж. - Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі;
  • 1998 ж. - Қазақстан Республикасының энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
  • 2000 ж. - Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі;
  • 2001 ж. - Қазақстанның Даму банкі директорлар кеңесінің төрағасы;
  • 2001-2003 жж. - Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы;
  • 2003-2004 жж. - Қазақстан Республикасының қаржы министрі; Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) басқарушысы; Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басқарма мүшесі;
  • 2004-2006 жж. - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі;
  • 2006-2012 жж. - "Қазинвестбанк" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы;
  • 2012 жылғы 25 қыркүйектен  бастап Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі болды.
  • 2013 жылғы 16 қаңтардан  бастап Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болды.
  • 2014 жылғы 6 тамызда ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.
  • 2016 жылғы мамырдан бастап 2017 жылғы тамызға дейін – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.
  • 2017 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып жұмыс істеді.
  • 2019 жылғы 25 ақпаннан бастап 2022 жылғы қаңтар аралығында – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы.
  • 2022 жылғы 31 қаңтардан бастап Президент жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
  • 2025 жылы қыркүйекте Ерболат Досаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget