"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін Жаңатас қаласында еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары атқарылды.
Облыс әкімінің бастамасымен өткен шара барысында әр ауданнан келген 200-ге жуық ерікті-жастар Жаңатас қаласында орын алған су тасқынынан бүлінген аумақтарды тазалауға, реттеуге атсалысты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде "Таза Қазақстан" экологиялық науқаны қарқынды жүруде. Бүгін жастарымыз игілікті іс жасап, тұрғындарға қол ұшын созып отыр. Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар қасиет. Ежелден жұрт болып жұмылып, ағайын-бауырларға қол соза білген елміз. Осындай игі істің жанынан табылу ерлік деп білемін", - деп атап өткен облыс әкімі жастардың жалынды бастамасына алғыс білдірді.
Сондай-ақ аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудандағы төтенше жағдай салдарын жою шараларын бақылауға алып, су басқан баспаналар мен аулаларды аралап, тұрғындардың жағдайымен танысты. Олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, назарға алды.
Облыс әкімі мемлекет тарапынан барлық көмектер көрсетілетінін, зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы қолдаусыз қалмайтынын жеткізді. Жауаптыларға бүлінген нысандарды техникалық тексеру, бағалау, шығын көлемін анықтау жұмыстарын жүйелі түрде, тездетіп жүргізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Ербол Қарашөкеев Жаңатас-Саудакент автожолының су тасқынынан кейінгі жағдайын көрді. Бір апта ішінде облыстық маңызы бар жолды қалпына келтіру керектігін ескертті.
Еске сала кетейік, 7 шілде күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 400 аула, 47 жеке тұрғын үй мен бір мектептің жертөлесін су басқан болатын.
Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде төтенше жағдай департаменті мен жергілікті атқарушы органдар суды бұру және айдау, сондай-ақ арық желісін нығайту жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, 20 100 текше метр су сорылды. Оқиға орнына 300-ге жуық қызметкер, 67 техника, 39 мотопомпа, 1 су сорғыш құрал жұмылдырылды.
Сарысу ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, қазіргі таңда арнайы құрылған комиссиямен шығындарды есептеу жұмыстары жүруде.
Материалды Жамбыл облысының әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!