Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін атап өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалпы, облыстың экономикалық көрсеткіштерінің өсімі оң динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді. Өңірдің ЖӨӨ көлемі 6,1 пайызға өсіп, 1,3 триллион теңгеге жеткен. Атап айтқанда, байланыс қызметтері - 8,1 пайызға, құрылыс - 11,1 пайызға, сауда - 2,6 пайызға артты.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,6 пайызға ұлғайып, 695 миллиард теңге болды, ондағы басым үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (71 пайыз). ТМК - 17,1 пайызға, химия өнеркәсібі - 7,3 пайызға, жеңіл өнеркәсіп - 5,8 пайызға, құрылыс индустриясы - 0,6 пайызға өскен.
"Биылдың 10 айында шамамен 365 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелі жалпы көлемі 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 жобаны қамтиды десек, оларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 87 миллиард теңгеге 20 жоба іске асып жатыр", – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі инвестиция тартудағы қолға алынған шаралар мен жаңа тәсілдерді де баяндады.
"Біз кездесетін кедергілердің алдын алуға, инвестициялар тарту бойынша жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Бұл ретте бизнес-үдерістер қайта құруды қолға алып, "бір терезе" қағидатын іске қостық. Аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді, бұл олардың жұмысының тиімділігін инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша бағалауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ірі жобалардың іргесінде кластерлерді қалыптастыруға баса назар аударылып жатыр, сол арқылы біз жергілікті шағын және орта бизнестің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасайтын боламыз. Нақтырақ айтқанда, бой көтеріп жатқан зауыттардың маңында шағын және орта өндірістер құруды жоспарлап отырмыз", - деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, облыста жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға айрықша ден қойылған, бұл бойынша өңір еліміздегі алдыңғы қатарлардан орын алады. Облыста жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істеп жатыр.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 24,5 миллиард теңгеге 2,1 мың жобаға қолдау көрсетілді. Өңірде ШОБ санының 25,5 пайызға өсімі байқалса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 23,6 пайызға, ШОБ субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 22 пайызға артты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!