• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ербаян Мұхтарға қатысты істе әлі нақты күдіктілер жоқ

Ербаян Мұхтарға қатысты істе әлі нақты күдіктілер жоқ
Фото: Видео кадры

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев борышын өтеу кезінде басынан ауыр жарақат алған мерзімді сарбаз Ербаян Мұхтарға қатысты іс бойынша тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мақсат Қазиевтің айтуынша, бұл іс бойынша тергеу әлі де жалғасып жатыр.

"Жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу нәтижелеріне пікір білдіре алмаймыз, өйткені ол көп адамның мүддесін қозғайды. Тергеу Бас прокуратураның, Бас әскери прокурордың ерекше бақылауымен жүргізіліп жатыр. Ұлттық ұлан сарбаздың ата-анасымен байланыста", - деді Қазиев.

Оның сөзінше, қазір бұл іс бойынша нақты күдіктілер жоқ.

Ербаян Мұхтар туралы не белгілі?

Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылы желтоқсанда түскен еді. Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз жантүршігерлік жағдайға жетті.

Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр ми жарақатын алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұхбат та берді.

Ербаянға бес рет ота жасалды. Кейінірек ол Түркияға емделуге кетті. Биыл қаңтарда Ербаян Астанаға оралды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget