- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ер-тоқымның бағасы -...
"Ер-тоқымның бағасы - 3 млн теңге". Қолөнер шебері былғарының пайдасы мен зияны туралы айтты
Жанұзақ Исабаев бірнеше аспапты меңгерген өнерлі азамат. Жеті жылдан бері былғары өнерімен айналысатын оның қолынан шыққан бұйымдарға қазақстандықтармен қатар шетелдіктер де тапсырыс береді. Massaget.kz тілшісі бұл өнердің қыр-сыры туралы шебермен сұхбаттасты.
"Ең арзаны 25 мың теңгеден басталады"
Ол бұл өнермен 2017 жылдан бастап айналыса бастаған.
"Негізі бұл өнердің саласы көп. Атап айтсақ, аяқ киім, әмиян, ер тоқым жасау, неше түрлі саласы бар. Соның ішінде мен былғарыдан аяқ киім тігу саласын меңгердім. Осы саланы үйреткен ұстазым бар, жалпы Ресейден үйрендім. Ал былғарыға ою түсіру, сөмке, белдік жасауды youtube желісі арқылы көріп, сол жақтан үйреніп алдым. Былғарыға ою салудың түп негізі суретшіліктен басталады. Бұл қабілет әкемнен тараған. Кішкентай кезімде әкем қаламмен сурет, портрет салатын. Кейін бұл талант былғары өнеріне ұласты", - дейді шебер.
Былғарымен жұмыс істеудегі басты ерекшелік - ою түсіру.
"Кейін сол оюларды импровизация жасап, модерн стилін этникалық стильмен ұштастыра отырып, түрлі стилистикалық нұсқаларын ойлап табамын. Өзгелер халыққа қолжетімді етіп істейді. Ал менде элиталық вип сигмент, әркімнің қолы жете бермейді. Ең арзаны - белдік, әмиян бұйымдары 25-30 мың теңгеден басталады. Ал ер-тоқымдар 3-4 млн теңге тұрады. Себебі, мен экологиялық тұрғыда таза, химия қосылмаған былғарыны қолданамын. Бұл былғарылар баяғыдан бері қолданылып келеді. Мұны біздің ата-бабамыз да қолданған. Шетелдіктер де бірнеше жылдан бері алып жүр", - деді шебер.
"Жасанды былғары ауруға шалдықтырады"
Кәсіптегі негізгі ұстанымы - халыққа өте көркем, өте сапалы түркі қолөнері секілді, парсы қолөнеріндей туынды дайындау.
"Яссауи бабамыздың кесенесін шығыс шеберлеріне жасатқан. Сондағыдай әдемі ою-өрнектерді мен де халыққа бергім келеді. Ер-тоқымнан бастап, садақ, белбеу, әмиян, сөмке, барсетка, жол сөмкесі, портфель, спорттық аяқ киім, мәсі, қобыз салатын қоржын, білекке тағатын белдік, етік, жалпы жасайтын нәрселер көп", - деді ол.
Шебер таза, химия қосылмаған былғарының пайдасы көп екенін айтты.
"Таза былғарының денсаулыққа жақсы әсері бар. Қазіргі таңда көпшілік тұтынып жүрген былғарының көбісі хромдап иленген. Бұл - химикат. Себебі неше түрлі жазылмайтын аурулардың клеткаларын қоздырады. Сол үшін өзім таза былғары қолданамын. Бір жағы пайдалы, екінші жағы өмір бойына шыдамды. Былғарыға қолмен ою түсіргесін әдемі көрінеді, әрі көңіл күйге жақсы әсер етеді", - деді ол.
"Түркиядан, Мәскеуден алдыртамын"
Жанұзақ Исабаев бұл өнермен айналысу арқылы өз идеясын әлі де аша түскісі келетінін айтты.
"Көп кәсіпкер бойындағы қабілетін ашып, монетизация жасайды. Осы өнер арқылы өзімнің бойымдағы әлі ашылмаған талантты, идеяны, бұйым жасаудағы техниканы ашқым келеді. Былғарының мыңдаған түрлері бар. Соның ішінен тапсырыс беріп, Түркиядан, Мәскеуден италиялық дайын материалды сатып аламын. Үлкен машинамен жұмыс істемеймін. Тек қолмен жұмыс істейтін инструменттерді қолданамын", - деді ол.
Оның айтуынша, бұйымдардың ішінде белдік, әмиянға жиі тапсырыс түседі.
"Алғашқы тапсырысты досым берді. Ол анасына әмиянға тапсырыс беретінін айтты. Сол кезде анасы ауыр дертпен сырқаттанып жатқан еді. Әмиянның сыртына шығыстық көне оюмен каллиграфиялық стильде өзінің қалауы бойынша "Анашым-Жәннатым" деп жаздық. Жалпы Атырау, Ақтау, Алматы қалаларынан жиі тапсырыс түседі. Сондай-ақ, шетелдіктер де тапсырыс береді", - деді шебер.
"Шығынды жаба алмайтын сәт болады"
Оның айтуынша, күн сайын тапсырыс түспейді.
"Тапсырыс күнде түсе бермегеннен кейін шығындарды жаба алмайтын кездер болып тұрады. Кейде тапсырыстарға ұзақ уақыт кетіп қалады. Материалдарға көп ақша кетіп, басқасына жетпей қалатын сәттер де болады. Ондай кезде басқа да кәсіптерімнен түскен ақшаларымды осы салаға саламын. Бұл өнердің басы қалыптасып кеткенше ұзақ жүреді, әрі бұл салада түскен ақшаға мән бермеймін",- деді ол.
"Шебер қазақ" атауының қойылу ерекшелігі де бар екен.
"Жұмыстарымның жеке бренді ретінде "Шебер қазақ" атауын бердік. Бұл атауды белгілі жыршы Елдос Еміл ағамыз қойды. Ол "бұйымдарыңыз керемет, осы атауды қойсаң қайтеді" деп ұсыныс айтты. Шебер және қазақ біздің ұлттың рухани өмірінде жиі кездесетін болған соң әдемі үндесіп тұр", - деді ол.
"Аяқ киімдер 1-1,5 ай көлемінде дайындалады"
Оның айтуынша, бұйымға жасалатын өрнектердің бәрін шебер өз қиялынан жасап шығады.
"Негізі дайын өрнекті сала аламын. Бірақ өзім импровизация жасап, ерекше етіп жасағым келеді. Бұйымдарға салынған жеке авторлық оюларым деп айтсам болады. Идеяны клиент өзі ұсына алады. Барлығын қалауы бойынша айтады. Жасалу тәсілі ерекше бұйымдар бар. Мәселен, қобызды тұрып ойнайтын өнер иелеріне арналған ерекше қоржын жасадым. Алдыңғы жағына ою салынған, тас болмаса да беті жылтырап тұрады. Беткі қабатында оюдың орны ойылған, екінші қабатында былғары көрініп тұрады. Былғары балықтың терісінен жасалғандықтан жылтырап тұрады. Бұл - ойымнан шыққан туынды", - деді шебер.
Бұйымды дайындап шығу уақыты қиындығына, жасалу тәсіліне қарай әртүрлі болады.
"Сапалы аяқ киім дайындау үшін ең кемі 2 апта мен 1 айдың аралығында уақыт кетеді. Тіпті, 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Бастысы - дайындаған аяқ киімім ұзақ уақыт жасалғандықтан адамға өмір бойына қызмет қылады. Жарты ғұмырына қызмет етеді деп айтсақ болады", - деді ол.
Шебер бізге аяқ киімнің дайындалу жолын қысқаша баяндап берді.
"Алдымен аяқ киімінің өлшемі алынып, соған сай қалып жасалады. Қалыптың үстіне тапсырыс берушінің идеясымен дизайн жасалады. Сызбасы алынып, қағазға түсіріледі. Қағаздан соң былғарыға түсіп, былғары кесіледі. Оның ішкі, сыртқы конструкциясы жасалады. Үстіңгі бөлігі құралғаннан соң қалыпқа тартылады. Табаны жасалады. Содан кейін қалыбы алынып, аяқ киім дайын болады", - деді ол.
"Әлемге паш еткім келеді"
Ол қазіргі таңда бұйымдарды өзі ғана дайындайды. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу жоспарында бар екенін айтты.
"Бұл кәсіпке қызығатындар көп. Бірақ сырты әдемі болғанымен ар жағында үлкен еңбек жатыр. Шыдайтындар да, шыдамайтындар да бар. Егер адамның қабілеті болса, рахаттанып тұрып істейді. Сапалы болып шығады, әдемі бұйымдары жақсы әсер етеді. Үлкен көлемде шығарып, шетел нарығына шығуға болады. Өзімді кәсіпкермін деп санамаймын. Жеке брендімті танытушы шебермін деп санаймын. Бұл өнерді әлемге паш еткім келеді", - деді шебер.
Жанұзақ Исабаев қолөнерден бөлек бірнеше аспапты меңгерген.
"Негізгі мамандығым - домбырашы. Бірнеше аспапта ойнаймын. Көмей өнерін меңгергенмін. Сыбызғыдан Башқұрстаннан білім алдым. Ол жақта бұл аспап қурай деп аталады. Домбыра сияқты ұлттық аспап ретінде танылған. Кейін шәкірттерді үйретіп жүрдім. Алдағы уақытта да үйрету ойымда бар. Сыбызғы үйретіп жүргендер бар. Қазір қызығушылық танытып жатыр. Сыбызғыны Қазақстанда дамыту керек. Ертеде батырлардың барлығы сыбызғыда ойнаған. Олар жауға шабар алдында рухани деңгейін көтеру үшін сыбызғы ойнаған екен. Сыбызғы ойнаудың адамға тигізер пайдасы көп. Мысалы, тамағына суық тимейді, дем ауруларына шалдықпайды. Демікпе, тамақ ауруларының қазақтарда болмауы осының әсері. Сондай-ақ, сыбызғы тартқан адам күйзеліске түспейді",- деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы