Эр-Риядтағы әуежайға шабуыл жасалды: қаза тапқандар арасында қазақстандықтар бар ма?

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, әуежайға жасалған шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.

Қаза тапқандардың төртеуі – Сауд Арабиясының, екеуі – Бангладештің азаматтары. Сондай-ақ, көз жұмғандар арасында АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.

Шабуылға йемендік хуситтер жауапты деп есептеледі. Алдын ала мәлімет бойынша, олар әуежайға зымыран атқан болуы мүмкін. Алайда қауіп туралы алдын ала ескерту жүйесі іске қосылмаған.

Бұл – бір апта ішінде әуежайға жасалған үшінші шабуыл. Бұған дейінгі шабуылдардан тағы төрт адам қаза тауып, жолаушылар ұшағының бірі зақымданған.

Кейінгі шабуылдан кейін Эр-Риядқа бағыт алған ұшақтар басқа әуежайларға жіберіліп, әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды.

Ал хуситтер Сауд Арабиясының әуе кеңістігін әскери іс-қимыл аймағы деп жариялап, әуе компанияларына бұл бағытпен ұшпау керегін ескертті.

Қазір оқиғаның мән-жайы мен шабуылдың салдары нақтыланып жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!