Ер адамның педофил екенін қалай анықтауға болады? Оның сырт келбетіне, іс-әрекетіне қарап, ауруы бар екенін байқау мүмкін бе? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі психолог Эльвира Қасымнан сұрады.
Маман ең алдымен адамның неліктен педофил болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл ауру балалық шақтағы жыныстық даму кезеңіндегі кідірістен туындайды.
Эльвира Қасым жыныстық даму кезеңін негізгі екі кезеңге бөлді.
Бірінші кезең - ауыз фазасы, дүниеге келгеннен 1,5 жасқа дейінгі кезеңді қамтиды, балада қызығушылық пен ләззаттың негізгі көзі - ауыз болады.
Екінші кезең - анал фазасы, бұл 1,5 жастан 3,5 жасқа дейінгі кезеңді қамтиды.
"Бұл баланың жыныстық дамуы кезеңіндегі оның тәрбиесіне жауапты ата-ананың жіберген оқылықтарының салдары немесе қатаң түрде жасалынған іс-әрекеттері. Бұл қай кезеңдер? Жыныстық даму өзі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде бала тойғанын сезіп бастайды, қызық көрінген заттың бәрін аузына салып, түсінуге тырысады. Екінші кезеңде бала горшокқа отыруды, нәжісті басқаруды үйренеді, үлкен дәретке шыққаннан ләззат алады және процеске қызығушылық танытады. Осы кезеңде аналар көбінесе бала кіші дәретін жіберіп қойған кезде ашуланып, оны қатты жазалауы, ұрсуы мүмкін. Өйткені өмірде әртүрлі ана бар, кейбіреулері баланың даму кезеңдерінен мүлде хабарсыз, тәжірибесі жоқ. Олар баланы горшокқа, дәретін басқаруға үйрету үшін қатты ұрыссам үйренеді деп ойлайды, бірақ бұл теріс пікір. Өйткені бала біртіндеп өзі үйренуі қажет. Бүгінде аналар балаларын ұру, ұрысу арқылы тәрбиелеуге тырысып жатады немесе ұл баланы "менің айтқанымды істемесең, шүметейіңді жұлып аламын" деп қорқытады. Бұдан балада "менен тартып алады" деген қорқыныш пайда болады. Сондай-ақ ата-ана баланың жыныс мүшесін ретсіз ұстауы, бөтен адамдарға көрсетуі мүмкін, бұл да ер бала даму кезеңіндегі кідіріске әкеп соқтырады. Осының салдарынан адам педофилияға бір табан жақын тұрады. Адам қанша жаста болғанына қарамастан, ол жыныстық дамуы кезінде кішкентай бала болып қалса, ол тек балаға жыныстық қызығушылық сезінеді. Сондықтан адам 40-50 жастан асса да, оның жаны, психикасы бала деңгейінде қалғандықтан, ол балаға әуес болады", - деді маман.
Алайда психолог ер адамның педофил екенін анықтауға көмектесетін нақты жол жоқ екенін жеткізді. Ол оның орнына әрбір ата-анаға перзентін қорғауды ұсынды.
"Адамның сырт келбетіне қарап, мына адам педофил деп анықтай алмаймыз. Оны байқау мүмкін емес, біз тек балаларымызды мұндай адамдардан қорғай аламыз, оларды қауіпсіздік шараларын сақтауға үйрете аламыз. Өйткені біз адамның сырт келбеті оның психикасының деңгейінен хабар бермейді. Адамның ақшасы көп, жағдайы жақсы болса да, психикалық түрлі ауытқулары болуы ықтимал. Дәл сол секілді мына адам осындай іс-әрекет жасайды, бұл педофил деп бөле алмаймыз", - деді ол.
Маман айналаңыздағы кез келген адамның педофил болуы мүмкін екенін айтады.
"Педофилді қарым-қатынаста да танып білу мүмкін емес. Өйткені педофил отбасылы, өзінің бірнеше ұл-қызы бар адам болуы мүмкін. Сондықтан пефодилді қарым-қатынас арқылы бақылап, анықтай аламыз деп айта алмаймын", - деді ол.
Адамның педофил екенін білудің жолы - педофилдің өзі мойындауы.
"Педофилге тән мынандай ерекшеліктер бар деп тізім ұсына алмаймын. Себебі педофил кәрі, орта жастағы, жас жігіт де болуы мүмкін. Оның көзге көрінетін нақты бір ерекшелігі осы деп айту мүмкін емес. Педофилия - адамның ішінде болып жатқан дүние. Адам өзінің осындай бір ауруы бар екенін сезіп, психологтың алдына келіп, мойындамаса, біз оны біле алмаймыз. Әрине, педофилиямен ауыратын адамдардың психолог кеңесіне келуі де өте сирек кездесетін жағдай. Адам өзінің жанын ауыртатын дүниелерді айтудан, мойындаудан қорқады ғой, оған қоса қазақта ұят деген бар. Ал жасына қарамастан, педофилдің құрбаны болған адам психологқа жүгіне алады, өйткені ол қорлық көрді, зорланды. Адамға қастандықпен өмір сүру өте қиын", - деді ол.
Эльвира Қасымның айтуынша, бұл үшін балаға іш киім ережесін, оның жеке шекарасын қоюды үйрету керек. Ал бала жеке шекарасын сезінуі үшін бұл ереже ата-ана тарапынан да бұзылмауы шарт.
"Педофилдің құрбаны болатын балалар іш киім ережесін білмейтін, жеке шекарасы қай жерде екенін түсінбейтін балалар дейтін едім. Олар педофилдің шабуылына тойтарыс бере алмайды. Педофилдер көп жағдайда сырттан келетін қорқынышты тұлға емес, керісінше, баланың өте жақын туысының бірі, ол сол баламен жиі қарым-қатынасқа түсетін, оның тілін білетін немере ағасы, жездесі, көкесі, ағасы болады. Сондықтан да осындай оқиғаның көпшілігі сыртқа шықпай, жабулы күйінде қалады", - деп түсіндірді ол.
Іш киім ережесі - баланың "мынау менің денем, менің денеме рұқсатымсыз ешкімнің де қол тигізуге құқы жоқ, ал мен рұқсат беруге міндетті емеспін" деген түсінігінің болуы. Психологтың сөзінше, әдетте көп ана мән бере бермейтін дүние бар, мәселен, бала есейіп жатса да, оны өзі шомылдырады, оның әурет жерін ұстайды. Маман мұндай өрескел іс-әрекеттер болмауы керегін айтады.
"Бала өзіне-өзі қызмет жасай алатын жасқа толғанда, өзін-өзі шомылдыра алатындай болған кезде өз көтенін өзі жууы қажет. Тіпті баланы шомылдырған күннің өзінде анасы ескертіп, рұқсат сұрағаны жөн. Сонда ғана балада "бұл менікі, менің рұқсатымсыз ешкім тиісе алмайды" деген түсінік қалыптасады. Бұлай санамайтын балалар жақын ересек адамның тарапынан әбес іс-әрекет көргенде, алғашында не болып жатқанын түсінбей, абдырап қалады, кейіннен мұны әдеттегі жағдай деп қабылдайды. "Осындай болуы керек екен, барлық ересек балалармен осылай жасайды" деп те ойлауы мүмкін. Осыған байланысты бала дүниеге келген сәттен бастап, оған жеке шекарасын сезіндіруі қажет. Бала кішкентай болғандықтан, ешнәрсе түсінбейді деп ойласаңыз, қателесесіз, бала бәрін эмоционалдық тұрғыдан ұғынады", - деді ол.
Психолог мұны ерте жастан бастау керегін түсіндірді. Жыныстық даму кезеңінде баланың өзінде де қызығушылық туындап, зерттеп көргісі келетін көрінеді. Осы сәтте қызығушылығы жыныс мүшесіне ерте ауып кетпеуі үшін оның зейінін басқа бағытқа бұру, түрлі үйірмелерге беру өте маңызды рөл атқарады.
"Балаға бөтен адамдарға жақындамауды, жақын адам болса да, өзі қаламаса құшақтатуға, бетін сүюге рұқсат бермеуді үйреткен жөн. Баланы отбасы мүшелерінен бөлек бөгде адамдармен жалғыз қалдырмау керек. Жалпы түсінік ретінде, баланың денесін ешкімнің ұстауына, қол сұғуына болмайтыны туралы айту қажет. Сонымен қатар іш киімді шешіп, оны көрсетуге болмайтынын түсіндіру маңызды", - деп қорытындылады психолог.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!