Әдетте біз кездесіп жүрген серігіміз жақсы күйеу бола ма екен деп ойланамыз. Алайда бақытты отбасы болу үшін оның қандай әке болатыны да маңызды. Себебі жиі ер адамның осы рөлге дайын болмауы некені бұзады. Ер адамның жақсы әке болатынын қандай белгілерден аңғаруға болады?
Тұңғыш бала дүниеге келгенде көпшілік әйелдің күйеуінен көңілі қалады. Көңілді және тартымды ер адам кенеттен ашуланшақ, өзімшіл адамға айналады. Жалпы ер адамға ата-ана рөлін қабылдау қиынырақ, себебі оларда ұрпаққа деген әйелдердегі секілді күшті, гормонды ынтықтық жоқ.
Ер адамның бұл жаңа өмірлік жағдайды қалай өткеретіні көбіне оның тұлғалық ерекшелігіне және ұстанымдарына байланысты. Өкінішке орай, отбасындағы шаруаларға араласпайтын ер адамдар бар.
Ер адамның жақсы әке болатынын оның мына қасиеттері мен әрекеттерінен байқауға болады.
1. Ол жауапты
Сәтті тәрбиенің негізі – әрине, жауапкершілік. Егер серігіңізге толықтай сенсеңіз, оның сізге және сіздердің қарым-қатынасыңызға байыппен қарайтынын білсеңіз және ол отбасыда келісілген ұстанымдарды қолдаса, ол әке болуға іштей дайын болуы мүмкін.
2. Ол эмоционалды тұрғыда тұрақты
Егер баланы жай дүниеге әкеліп қана қоймай, оның бақытты әрі психикалық тұрғыда сау болып өскенін қаласаңыз, ол тыныш және қауіпсіз ортада өсуі керек. Сондықтан серігіңіздің ашуын тудыратын жағдайларға мән беріңіз. Мысалы, күтпеген жағдай болса, оның өзін ұстай алуы және парасаттылық сақтауы маңызды. Егер ер адамның көңіл күйі құбылмалы болса, ұсақ-түйекке тез ашуланатын болса, күйзелістік жағдайдан соң өз-өзіне ұзаққа дейін келе алмаса, бұл сізді алаңдататын нәрсе.
3. Ол қамқор бола алады
Жақын адамы үшін өзінің өзімшілдігін басу, қолдауға тырысу, уақытында көмекке келу – жаңадан әке атанған ер адамдарға қажетті қасиеттер. Мысалы, сіз ауырып қалғанда қамқорлық көрсете ме немесе эмоционалдық қолдауды қажет еткенде жаныңыздан табылады ма? Сондай-ақ оның үлкейген өз ата-анасына немесе жасы кіші туыстарына қалай қарайтынын бақыласаңыз болады.
4. Ол сізбен тұрмыстық міндеттерді бөліседі
Баланың дүниеге келуімен тұрмыстық міндеттерді бірге атқарудың қажет екені әсіресе байқалады. Сондықтан осы кезде ер адамның үй шаруашылығына қаншалықты араласатыны аса маңызды. Егер ыдысты жуа салу, киімдерді үтіктеу секілді нәрселер ол үшін қарапайым нәрсе болса, уайымдамасаңыз болады: бала дүниеге келгенде үйдің бүкіл шаруасы сіздің мойныңызда болмайды. Ал егер ол тұрмыстық міндеттерді "ерлердікі" немесе "әйелдердікі" деп бөлсе, олар оның намысына тисе, бала дүниеге келгеннен кейін де үй шаруасында оның сізге көмектесуі екіталай.
5. Оның іні-қарындастары бар
Әдетте үйдің үлкендерінің некелері берік болады, себебі олардың кішкентай балаларға қарауда тәжірибесі бар. Ал үйдің жалғыз балалары немесе кенжелері әдетте өзімшіл келеді. Алайда бұл әркез олай емес.
6. Ол балаларды жақсы көреді
Әдетте болашақта жақсы әке болатын ер адамдар әлі әке атанбай жатып та басқалардың балаларына қызығушылықпен және жылы қарайды. Сүйікті адамыңыз ортақ достарыңыздың немесе туыстарыңыздың балаларына қалай қарайтынын бақылап көріңіз. Құшақтап, олармен ойнауға тырыса ма әлде оларды елемейді немесе ашулана ма?
7. Ол дамығысы келеді
Ер адам өз-өзімен жұмыс жасағысы келсе, білім алуды және дамуды тоқтатпаса, көп жағдайда бұл оның бала тәрбиесі жайлы да білім алатынын және бала тәрбиесіне аса мән беретінін білдіреді.
Оқи отырыңыз: Отбасыда қалыптастыру керек 10 құндылық