Жайлау, ауыл өмірі, кең дала туралы айтқанда көз алдымызға ежелгі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі елестейді. Қаладағы халыққа мұның бәрі таңсық. Арайлым Диханбай жайлаудағы ауыл тіршілігінен әлеуметтік этно контент жасап жүр. Оның парақшасында ауыл сұлулығы мен эстетикасын бейнелеген суреттер ерекше сезім сыйлайды. Massaget.kz тілшісі жайлаудағы тіршіліктен этно контент жасайтын Арайлым Диханбаевамен сұхбаттасты.
"Жайлаудың жолы қиын"
Отбасындағы бес баланың тұңғышы Арайлым Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылының тумасы.
"Негізі журналистпін, бірақ мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын. Қазір фрилансер қызметіндемін. Бос уақытта саяхаттап көргім келді. Қызығушылығым - жазу. Жазғаным сол сәт ұнағанымен, кейін ақтарғанымда ұнамай қалады. Түрлі күйге бөлейтін сүйкімді де, сүйкімсіз де тірлігім сол. Тауға шыққанды жаным сүйеді, жоғарылаған сайын рухымның биіктегенін сезем. Байқасам, кітаптан оқыған өмір жайлауда өз басымнан өтіп жатыр екен. Өздеріне алыс ауыл тіршілігін адамдармен бөліскім келді. Оқуға түскенге дейін жаздың үш айы толықтай жайлауда жүретінмін. Есейген соң сиреді. Себебі болашақ қалада екенін ұқтық. Бүгінде ата-анам, бауырларым тұрады. Мен тек реті келсе, сағындырып үш - төрт күнге барып қайтамын. Жайлау менің жердегі жұмағым сияқты. Жамандық атаулы оған жете алмайды. Нағыз тәуелсіздіктің таңы сол жақта", - деді ол.
Ол жайлаудың қиыншылығын атап өтті.
"Біз жайлауда 3 ай ғана боламыз. Жаз деген аты болмаса, онда суық болады. Жайлаудың тыныс-тіршілігі мүлде басқа. Таң алакеуімнен тұрған жандар тірлік етіп, кешкісін бір көз іледі. Тіршілік көп. Жайлаудағы басты мәселе - жол. Толассыз жаңбырдың әсерінен ойылып, қазылып көліктің жүруіне ыңғайсыздық тудырады. Жолы қиын. Байланыс та, дүкен де, аурухана да жоқ. Ойға қатынағанда дорбаны барынша толтырып келуге тырысамыз. Дүкенге жиі жүгіріп, ала беретін мүмкіндік болмаған соң, азық - түлікті молынан аламыз. Қан қысымы көтерілген ересек кісі де, аттан құлап денесі мерттіккен бала да 6, 7 сағат қалаға жеткенше шыдайды. Жайлауға жұрт бірнеше ауылдан көшіп келеді", - деді Арайлым.
"Есім таңдағанда қателескенімді түсіндім"
Биыл қыстауға көшкен кезде Арайлым үш қозыны асырап алған.
"Қыстауға, отарға, Еңбекшіқазақ ауданындағы түрлі ауылдарға көшеді. Биыл қыстауға шөп шықпады. Сондықтан төлге қиын болды. Ашқұрсақ қойлар қозысын алмады. Үш қозым үш анадан туылған. Дүниеге келген күні анасы тастаған, ертесі әкем ауылға әкеп берді. Тепе - теңдік сақтай алмай, тәлтіректеп әрең қимылдайтын. Жүріп келе жатып шаршап қалса, сол жерге жантая кететін. Көршінің сиыры бар еді. Күнде таңертең сүт сатып алып, қозыларыма беріп жүрдім. Бірақ ол сүт Найзағай атты қозыма жақпай, іші кеуіп дүниеден кетті. Осы есімді таңдағанда қатты қателескенімді түсіндім. Найзағай сияқты жарқ етті де жоқ болды, ғұмыры ұзақ болмады. Қозыларымның атын өзім қойдым. Назарымның көзқарасы, адамға қарауы бөлек еді. Жақтырмаса алакөзденіп бір шолып өтетін. Өскенде елдің оған деген назары мен ниеті дұрыс болсын деген оймен Назар деп қойдым. Нартайымды батырға теңедім. Себебі, Нарт сөзі батыр, қайсар, жауынгер дегенді білдіреді. Ойлағанымдай - ақ болды. Бүгінде үйдегі екі итім қозымнан жасқанады, қарсы келмейді. Нартайым атаман сияқты жүреді. Шүкір, жағдайлары жақсы. Тәттіні сүйіп жейді, оның ішінде испан чизкейгін жақсы көреді", - деді Арайлым.
Арайлым төрт-түліктің бәріне бірдей ат қоймайтынын айтты.
"Олардың бәріне бірдей ат қоя алмаймын. Өйткені ол төрт түлік ата - анам алып жүрген ата кәсіптің бір бөлшегі. Мен өз жануарларыма жауаптымын. Нәкөнәй есімді ерке сиырым, Посонай есімді көңілді қойым болды. Бірақ қазір екеуі де өмірде жоқ. Қорғай алмадым...", - деді ол.
"Мәңгі сауатсыз болуды тіледім"
Арайлымның отбасында құрт дайындалғанымен сатылмайды екен. Мұның да өзіндік сыры бар.
"Біз құрт сатпаймыз. Анамның ақты сатпаймыз деген қағидасы бар. Мал соңында жүрген осыншама жылдың ішінде келген кісі, туысқан, таныс, достарына тегін тарту еткені болмаса, саудалап көрмеген. "Ұятым бармайды" дейді", - деді ол.
Оның айтуынша, бес жасында хат таныған.
"Әлеуметтік желідегі видеоларымды әкем түсіреді. Анам қолдайды, камераға ілінген дүниенің бәрін анам жасайды, реттейді. Балалық шағымда ауыл, қала танымадым, тауда өстім. Тасын ғана білдім. Бес жасымда хат танығаныммен, жетімде мектептің өртеніп, мәңгі сауатсыз болуымды тіледім. Тәртіпке бағыну емес, қошқарға мініп қора айналып, айғырдан құлап қалың шөпте аспанға көз тастап, жалғыз жүрген ұнайтын", - деді Арайлым.
"Ер адамдар жиі хейт жазады"
Арайлымға әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жиі жазылады. Ол мұндай пікірді ер адамдар тарапынан келетінін айтты.
"Жеке барып зиянымды тигізбесем "неге мені балағаттайды?" деген сұрақты өзіме жиі қоям. Хейтті тыю мүмкін емес, онымен күрес бекершілік. Надан надандығынан өлгенде ғана құтылады. Осыны ұқтым. Сондықтан амал жоқ қабылдайсың. Хейт көбіне ер адамдардан келеді. "Жындыханадан қашқан" , "ауру" айта берсең көп. Орысша боқтық сөздер жетерлік. Бір кездері күніне осындай сөздің жүзін өшірген кезім болды", - дейді ол.
Ол болашақта панасыз жануарларды қолға алғысы келеді.
"Қазақстан бойынша түкпір - түкпірді аралап панасыз жануарлардың қамқорлығыма алғым келеді. Оларға арнап баспана саламын деген ең үлкен арманым бар. Осы ойым орындалса, өмірімнің зая өтпегені деп білем", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!