- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ер адам пойыздағы...
Ер адам пойыздағы әрекеті үшін 20 күнге қамалды
Жолаушылар пойызында алкогольдік ішімдік ішкен ер адам 20 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Алматы-Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Жолаушы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай станциясына жеткеннен кейін пойыз бастығының актісі бойынша түсіріліп, әрі қарай желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері әкеткен. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.
Тексеру барысында көлік полицейлері Павлодар облысының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жол бойында алкогольдік ішімдіктерді ішіп, балағат сөздер айтып, жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзған.
"Тәртіп сақшылары құқықбұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 3-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша екі хаттама толтырып, іс Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотына жіберілді", - деді полиция полковнигі.
Ер адамның бұған дейін де қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылғаны анықталды. Ол бір жыл ішінде мұны тағы қайталаған.
"Сот әкімшілік істің материалдарын қарап, оны 20 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды", - деді Айтуғанов.
Жыл басынан бері жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 269 жолаушы акт бойынша түсірілді, оның ішінде алкогольдік ішімдік ішкен - 244, ұсақ бұзақылық жасаған 8 адам бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан