Киевте сенбіде Голосеев ауданының көшелерінің бірінде ер адам қала тұрғындарына оқ жаудырып, кейін супермаркеттегі адамдарды кепілге алған. Кейінгі мәліметтер бойынша, алты адам қаза тауып, 10-ға жуығы жараланған. Төрт адам құтқарылды. Бұл туралы Украина астанасының мэрі Виталий Кличко мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап.
Куәгерлер шабуылды видеоға түсіріп алған: әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан автомат асынған ер адамның көпқабатты үйлердің ауласымен жүгіріп, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды атқаны көрінеді. Қылмыскердің мақсаты әзірге белгісіз.
Украинаның Бас прокуроры Руслан Кравченконың айтуынша, ер адам - Мәскеудің тумасы, 58 жаста екен. Оның атына қару ресми түрде тіркелген.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, ол автоматты қару қолданған. Сонымен қатар, шабуылдаушы тіркелген пәтерде өрт шықты", - деді Бас прокурор.
Оқ тиіп жараланғандар арасында төрт жасар бала бар. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізді. Зардап шеккен ересектерге де көмек көрсетіліп жатыр. Жараланғандардың қатарында шабуылдаушы басып кірген супермаркеттің күзетшісі де бар.
Киев мэрінің айтуынша, 30 жастағы әйел алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, қазір оның жеке басы анықталып жатыр. Ол қаскөйдің қолынан қаза тапқан алтыншы адам болды.
"Ұлттық полицияның Жедел кенет әрекет ету корпусының (КОРД) арнайы бөлімшелері қаскөй жасырынған дүкенге басып кірді. Ол адамдарды кепілге алып, ұстау кезінде полицейлерге оқ жаудырды. Оған дейін келіссөз жүргізушілер онымен байланыс орнатуға тырысқан", — деді Киев полициясы.
Ақырында ер адам да қаза тапты. Қаскөй соңғы сәтке дейін күш құрылымдарына қарсы оқ атып, сондай-ақ, граната жарып жіберген болуы мүмкін.
"Украинская правда" басылымының ақпараты бойынша, оқ жаудырған адам Мәскеу тумасы, 58 жастағы Дмитрий Васильченков болып шықты. Ол Украина азаматы, бұрын Донецк облысының Бахмут қаласында, кейінірек Киевтің Голосеев ауданында тұрған.
ASTRA басылымы Дмитрий Васильченков туралы ақпаратты ашық дереккөздер арқылы тексерді. Ол Бахмуттан бөлек, Ресейдің Рязань қаласында да тұрған. 2023 жылы оның ресейлік "Альфа-банкте", ал 2022 жылы "Сбербанкте" шоты болған. 2016 жылы ол Ресей-Украина шекарасын үш рет: бір рет көлікпен және екі рет пойызбен кесіп өткен. Сондай-ақ, 2023 жылғы жағдай бойынша Васильченков Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау департаментінің базасында тіркеуде тұрған.
Расталмаған мәліметтер бойынша, ол бұрын Ресей армиясында подполковник шенінде қызмет еткен болуы мүмкін. Желіде оның Украинаға қарсы соғысты қолдайтын жазбалары бар аккаунттары табылып жатыр.
Басқа деректер бойынша, күдікті — Украинаның әскери зейнеткері. 2016-2019 жылдар аралығында ол "Бахмут В.Д.В" лақап атымен Facebook желісінде парақша жүргізіп, Украинаға қарсы және антисемиттік жазбаларды жүйелі түрде жариялап отырған: қоғамды күштеп тазартуға шақырған, Гитлердің әдістерін ақтаған, Украинаның заңдылығын жоққа шығарып, оны "солай аталған" деп атаған, сондай-ақ, 2014 жылы ресейлік диверсанттардың Бахмутты жойып жібермегеніне өкініш білдірген.
Украина Қауіпсіздік қызметі көшедегі атыс пен супермаркетте кепілге адам алу дерегі бойынша іс террорлық акт ретінде сараланғанын хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!