Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде 29 жастағы ер адамның кенеттен қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 17 мамыр күні Алматыдағы СОО-лардың біріндегі кинотеатрда болған. Марқұмның жақындарының айтуынша, ер адам фильм басталар алдында попкорн сатып алып, кенеттен қақалып қалған. Кейін тамағы жыбырлап, жүрегі ауырғанын айтып, есінен танып құлаған.
БАҚ мәліметінше, оқиға орнындағы адамдар мұны жүрек талмасы деп ойлап, жүрекке массаж жасауға тырысқан. Алайда ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Кейін бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. Өлімнің нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды.
Денсаулық сақтау министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында оқиғаның хронологиясын түсіндірді.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, 103 пультіне шақырту 17 мамыр күні сағат 18:13-те түскен. Хабарласқан адамдар сауда орталығының кинотеатрында 30 жастағы ер адамның ес-түссіз жатқанын айтқан.
Министрлік жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына сағат 18:19-да, яғни шақыртудан кейін 6 минут ішінде жеткенін нақтылады.
"Шақырту картасына сәйкес, бригада келген сәтте биологиялық өлім белгілері тіркелді: ес-түссіз, тыныс алу жоқ, ЭКГ-да асистолия, тері жамылғылары бозғылт-көкшіл, мәрмәр тәрізді. Қарашықтар кеңейген, жарыққа реакция жоқ. Белоглазов симптомы оң. Өлім фактісі расталды", – деп хабарлады министрлік.
Анықтама ретінде айта кетсек, ЭКГ-дағы асистолия – жүректің электрлік белсенділігінің толық тоқтауы. Ол электрокардиограммада түзу сызық түрінде көрінеді және жүректің тоқтағанын білдіретін белгілердің бірі саналады.
Ал Белоглазов симптомы, яғни «мысық көзі» белгісі медицинада биологиялық өлімді растау үшін қолданылатын белгілердің бірі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мамыр айының соңындағы жағдай бойынша ер адамның өліміне қатысты Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған.
"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері мен қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда, сотқа дейінгі іс жүргізудің толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігі қамтамасыз етіледі", – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Біз Денсаулық сақтау министрлігінен Қазақстанда қоғамдық орын қызметкерлерін алғашқы көмек көрсету дағдыларына міндетті түрде оқыту талабы бар-жоғын сұрадық.
Министрлік медициналық білімі жоқ адамдар үшін алғашқы көмек көрсету тәртібі мен стандарттары арнайы бұйрықтармен реттелетінін түсіндірді.
Ведомство елімізде медициналық білімі жоқ, бірақ алғашқы көмек көрсету курстарынан өтуге міндетті тұлғалардың тізімі бекітілгенін атап өтті. Олардың қатарында:
Министрлік бұл түсіндірменің заң тұрғысынан міндетті күші жоқ екенін және ұсыныс сипатында берілгенін атап өтті.
Бұл ретте ведомство жауабына сәйкес, сауда-ойын-сауық орталықтарының қызметкерлері мен кинотеатр бақылаушылары алғашқы көмек көрсету курстарынан өтуге міндетті тұлғалар тізіміне кірмейді.
Tengrinews.kz редакциясы СОО әкімшілігіне де ресми сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте жауап түскен жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!