Эпидемиолог Қытайда өршіп жатқан вирустың несімен қауіпті екенін айтты

Жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жататын метапневмовирустың әлемде таралуы БАҚ-та үлкен талқыға түсті. Аталмыш вирус расымен қауіпті ме? Оның алғашқы белгілері қандай? Қазақстанда вирустың өршіп жатқаны туралы ақпарат рас па?  Massaget.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының профессоры, эпидемиолог Жұмабек Бекеновпен сұхбаттасты. 

"Бұл вирус 2001 жылдан бері бар"

Маман метапневмавирустың бұрыннан бар екенін және жіті респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) жататынын айтты. Оның сөзінше, бұл вирус кәдімгі пара тұмау түрлеріне ұқсас. 

"Қазан айынан бастап сәуірге дейін ЖРВИ вирустарының, жалпы тұмаулардың ең өршитін уақыты. Соның ең жоғарғы өршуі қаңтарға келіп отыр. Сондықтан да метапневмавирус туралы енді естіп отырмыз. Әйтпесе бұл 2001 жылдан бері бар вирус. Мәселен, ол пара тұмау, аденовирус, риновирус, баукавирустар сияқты ағайынды вирустардың бір түрі. Анау айтқандай қорқатын дүние емес. Дүрлігудің қажеті жоқ", - деді профессор. 

сурет: depositphotos.com

Алғашқы белгілері қандай және қалай таралады?

Профессор Жұмабек Бекеновтің сөзінше, метапневмовирустің негізгі белгілерінің кәдімгі тұмаудан айырмашылығы жоқ. Алғашқы белгілері ретінде мыналарды қарастырсақ болады дейді маман:

  • мұрынның бітелуі немесе су ағуы;
  • құрғақ немесе ылғалды жөтел, тамақтың ауыруы;
  • қызу көтерілуі (қызбаның 38°C-тан жоғары болуы)
  • тәбеттің төмендеуі;
  • шаршау және әлсіздік;
  • демікпе немесе тыныс алудың қиындауы (әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарда);
  • құлақтың ауыруы немесе бас ауруы.

"Метапневмовирус қарапайым дені сау адамдарда кәдімгі тұмау секілді өтеді. Тек қарт кісілер үшін және созылмалы аурулары бар жандар үшін қауіпті болу мүмкін. Тұмау секілді болғандықтан ауа арқылы таралады", - деп қосты маман. 

сурет: depositphotos.com 

Коронавирустан да қауіпті екені рас па?

Маман бұл вирустың қоздырғышы әлі анықталмағанын айтты. Сол себепті әзірге арнайы алдын алу жолдары немесе вакцина түрі жоқ. 

"Ел арасында бұл вирустың коронавирустан да қауіпті екені айтылып, дүрліктіретін ақпараттар тарап жатыр. Алайда халыққа аса қорқудың керегі жоқ дер едім. Коронавирус секілді аса үлкен қауіп тудырмайды", - деді ол. 

сурет: depositphotos.com

Алдын алу жолдары қандай?

Жұмабек Бекенов жұртты аса уайымға салынбауға, тек алдын алу үшін үнемі таза жүруге, сақтануға шақырды. 

  • Қолыңызды жиі жуыңыз. Бетке қол тигізбеңіз. Көзге, мұрынға және ауызға лас қолмен тигізу вирустың ағзаға енуіне жол ашады;
  • Дезинфекциялау. Үйде және жұмыста терезелерді жиі ашып, таза ауа кіргізіп отырыңыз;
  • Антисептик қолданыңыз. Күнделікті антисептик қолдану арқылы вирустың алдын алуға болады; 
  • Дұрыс тамақтану. Иммунитетті күшейтетін дәрумендерге бай тағамдарды (жеміс-жидектер, көкөністер, ақуыздар) тұтыныңыз.
  • Маска тағу. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска киіп, өзіңізді және өзгелерді сақтықта ұстаңыз;

Метапневмовирус туралы не белгілі?

Метапневмовирус - тыныс алу жолдарының вирустық инфекциясы. Ол әсіресе балаларға, қарттарға және иммунитеті төмен адамдарға қауіпті. Вирус көбінесе тұмау немесе респираторлық инфекция түрінде көрінеді.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың эпидемиологиялық жағдайы мен таралуына қатысты түсініктеме берген болатын.  

Кейіннен желіде метапневмовирустың (hMPV) коронавирус инфекциясынан әлдеқайда қауіпті екені жайлы жазба тарап, денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасаған еді.  Артынша "СК-Фармация" ЖШС қоймаларда жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының инфекциясын емдеуге арналған препараттардың қажетті қоры бар екенін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!