“Енесін өлтірген келін“: Атырау облысында жантүршігерлік іске қатысты шешім шықты

Атырау облысында жантүршігерлік іске қатысты шешім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта енесін өлтірді деп айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған. 

Мән-жайы

2025 жылы 10 мамырда К. төсек тартып жатқан қарт анасын (1942 жылы туған) Жасқайрат ауылына күтім жасау үшін алып келген. Әйелі Ж. бұған қарсы болып, арты жанжалға әкеп соққан. 2025 жылы 27 мамырда күйеуі жоқтығын пайдаланған Ж. дәрменсіз енесінің басына ас үй пышағымен 4-5 рет соққы жасаған. Жәбірленуші аудандық ауруханада қайтыс болған.

Кешенді сараптамаға сәйкес Ж.-ға (1986 жылы туған) параноид шизофрения диагнозы қойылған. Денсаулық жағдайына байланысты ол сот отырыстарына қатыса алмаған.

Сот шешімі

Айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, бейнежазбалармен, сараптама нәтижелерімен толық расталған.

Сот ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген әрекетті Ж. есi дұрыс емес күйде жасағанын анықтаған. ҚК-нің 16-бабына сәйкес ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Сот қаулысымен Ж.-ға психиатриялық ауруханада медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!