Энергетикалық дағдарыс жаңа шешімдерді талап етеді - Бектенов

Энергетикалық дағдарыс жаңа шешімдерді талап етеді - Бектенов
Фото: Midjourney

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда АЭС салуға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап. 

Қазақстанның энергия тұтыну көлемі шамамен 17 ГВт, бұл өндіріс көлемінен жоғары. Бұл ретте қазір электр энергиясының белгілі бір көлемі көршілес елдерден сатып алынып жатыр. Сондықтан Қазақстан басқа энергия көздеріне көшуге тиіс.

Атом энергетикасының Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетика жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді. Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда АЭС-тің салынуы өсіп жатқан сұраныс жағдайында нарықтағы электр энергиясы тапшылығын азайтуға, жабдықтардың тозуы себебінен төмендеп жатқан өндірісті толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл қауіпсіз әрі экологиялық таза энергияны тұрақты түрде өндіруге жол ашады.

"Энергетика жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығы – Үкіметтің басты міндеті. Қалыптасқан күрделі ахуал бізден түбегейлі жаңа тәсілдер мен көп жылдан бері қордаланып қалған мәселені шешуді талап етіп отыр. Қазақстанға электр энергиясының жаңа негізгі генераторын енгізу қажет. Егер Президент 6 қазанға белгілеген референдумда халықтан қолдау көп болса, онда біз осы бағытпен жүреміз. Онсыз өнеркәсіпті дамыту да, қарапайым тіршілікті қамтамасыз ету де мүмкін емес. Бұл еліміздің дамуына мүмкіндік береді", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бейбіт атом сабақтас салалардың, ғылымның, ШОБ-тың дамуына және жалпы экономиканың өсіміне ықпал етеді. Сондай-ақ еңбек нарығына оң әсері айтылды, мәселен, АЭС салу кезінде кемінде 10 мың жұмыс орнын, станция пайдалану және қызмет көрсету кезеңдерінде 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Баламалы көздерді дамыту туралы баяндай отырып, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС тәулік бойы және жыл бойы жұмыс істейтінін айтты. Бұл белгіленген қуатты пайдаланудың жоғары коэффициентін және инвестицияларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 30-дан астам дамыған және дамушы мемлекеттерде 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Қазіргі атом электр станциялары ең жоғары қауіпсіздік деңгейіне ие.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек