Энергетика саласына аудит жүргізілді: үнемделген қаражат қанша?

Энергетика саласына аудит жүргізілді: үнемделген қаражат қанша?
Фото: коллаж: depositphoto

Соңғы 5 жылда елде жалпы энергия тұтыну көлемі 12%-ға өсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әсіресе тұрғын үй секторы - 33% және өнеркәсіп саласында - 30%-ға энергия тұтыну көлемі артқан. 

Бұл туралы бүгін Астанада өткен "Энергиялық тиімді серіктестік: жаңа шынайылық" тақырыбындағы VI халықаралық форумда айтылды.

Белгілі болғандай, 2015-2023 жылдар аралығында 2 мыңнан астам энергетикалық аудит жүргізілген. Нәтижесінде 443 млрд теңге қаражатты қайтадан тиімді жобаларға жұмсаған. Сонымен қатар 129 млрд теңге үнемделген.

"2030 жылға қарай энергия тұтынуды 15%-ға төмендету міндеті тұр. Осыған орай биылғы жылы энергияны көп қажет ететін ТОП-100 кәсіпорынға қатысты нысаналы индикаторлар қайта қаралды", - дейді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова.

Бұған дейін электр энергиясы секторын жаңғыртуға 10 трлн теңге қажет екенін жазған болатынбыз. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

E. Aitkazina