- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Энергетика министрлігі АЭС...
Энергетика министрлігі АЭС құрылысына қарсы топтың үстінен шағым түсірмек
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қарсы топтың үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіруге дайындалып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі министрге "Сіз әріптесімнің сұрағына жауап бергенде Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қарсы топ барын айтып қалдыңыз. Олар кімдер, аттарын айта аласыз ба? Егер қарсы кампания болса, сіз құқық қорғау органдарынан неге көмек сұрамайсыз?" деген сауал жолданды.
Алмасадам Сәтқалиев тиісті жұмыс істеліп жатқанын, қоғамдық пікірге ықпал еткісі келетіндер барын айтты. Бірақ нақты кімдер екенін айтпады.
"Біз құқық қорғау органдарына жүгіндік. Менің ойымша, сіз уақыты келгенде оны естисіз. Біз жалпы жағдайды тұрақсыздандыруға және қоғамдық пікірге қандай да бір теңгерімсіздік енгізуге бағытталған белгілі бір әрекеттерді көріп отырмыз. Біз шағымды дайындап жатырмыз. Бірақ оны әлі құқық қорғау органдарына жібермедік", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясына қатысты барлық мәселені бақылауында ұстайтынын айтқан еді.
Сонымен қатар Қазақстанда АЭС-ті кім салуы мүмкін екені айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен