Эндокринолог Тамила Агаева неге әлем бойынша жастар арасында диабет жиілеп бара жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Агаеваның айтуынша, жастар арасындағы диабеттің негізгі себептерінің бірі - дұрыс тамақтанбау. Оның сөзінше, бүгінде көп адам жоғары калориялы тағамдарды, фастфудты, чипстерді, тәтті газдалған сусындарды және түрлі тәттілерді көп жейді. Ал көкөніс пен жеміс-жидек аз тұтынады.
"Қант диабеті тәттіні жегеннің өзінен бірден пайда болмайды. Алайда адам тәулік калория мөлшерін үнемі асырып отырса, артық салмақ жинайды. Ал бұл кейін диабеттің дамуына әкеп соғады", - деп ескертті дәрігер.
Эндокринолог тағы бір себеп ретінде қимыл-қозғалыстың аздығын атады. Оның айтуынша, денеге күш түспесе, бұлшықеттер глюкозаны толық пайдалана алмайды, соның салдарынан қандағы қант деңгейі көтеріледі. Бұған жол бермеу үшін аптасына кемінде 150 минут белсенді жаттығуларымен айналысу ұсынылады.
Сонымен қатар, темекі шегу де диабет қаупін арттырады.
"Темекі өнімдері барған сайын қолжетімді болып барады, ал электрон темекі мен вейптер кең тарап кетті. Темекі шегетін адамдарда қант диабетінің даму қаупі бұл әдеті жоқ адамдармен салыстырғанда 30–40 пайызға жоғары. Неғұрлым көп шексеңіз, ауруға шалдығу ықтималдығы соғұрлым арта түседі", - деп атап өтті дәрігер.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz