- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Эндокринолог арықтауға көмектесетін...
Эндокринолог арықтауға көмектесетін шай түрлерін атады
Шай мен кофе - әлемдегі ең танымал екі сусын. Егер шайды дұрыс таңдасаңыз, артық салмақпен күресуге болады. Эндокринолог Алексей Жито Doctorpiter порталына арықтау үшін қандай шай ішу керегін және оны қалай дайындау керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен өзім де күніне бірнеше стақан шай ішкенді жақсы көремін. Сондықтан "арықтауға арналған шай" деген түсініктің астында не жатыр және ол қалай жұмыс істейтініне тоқталуды жөн көрдім", - дейді Алексей Жито.
Қысқаша айтқанда, арықтауға арналған шай - құрамында біздің ағзамыздағы зат алмасу процесін жылдамдататын нақты ингредиенттері бар, тәбетті түсіретін, қандағы глюкоза деңгейін азайтатын және майлы өнімдерді жақсы қорытатын шай.
Бұл мақсатты мына сусындар жақсы көмектеседі:
Көк шай. Оның құрамында зат алмасуды іске қосатын және май қорларын жағатын катехиндер мен кофеин бар. Оған қоса, көк шай дене температурасын арттырады, бұл да калорияны жағады.
Итмұрын. Ол артық салмақпен күресетін С дәруменіне, пектинге және басқа да заттарға бай. С дәрумені иммунитетті арттырып қана қоймай, күйзеліс деңгейін төмендетеді. Күйзеліс артық салмақтың пайда болуына ықпал ететіні белгілі. Оған қоса, пектин элементі ұзақ уақыт тоқ жүруге ықпал етеді.
Қалақай. Шайдың бұл түрі дәрумендерге, минералдарға, ақуыз бен кальцийге бай. Ол зат алмасуды жылдамдатады, ағзадан шлактар мен токсиндерді шығарады. Сондай-ақ қалақай тәбетті басады.
Жалбыз. Жалбыз асқазан-ішек жолдары проблемалары кезінде көмектеседі. Оның құрамында тәбетті түсіретін және зат алмасуды ынталандыратын ментол бар.
"Алайда арықтауға арналған шайға сеніп отырудың қажеті жоқ. Жағымды нәтижеге жету үшін оған кешенді түрде әрекет ету керек: дұрыс тамақтану, физикалық жүктемелер, күн тәртібін реттеу және қажет жағдайда дәрігер кеңесін алу", - дейді дәрігер.
Маңызды: шай - артық салмақтан арылтатын құралдардың бірі ғана.
Арықтауға арналған шайды қалай дайындау керек?
Бірінші ереже - қаптамадағы нұсқаулықты сақтау. Әр шайдың өз ерекшеліктері бар, олардың құрамы әртүрлі болады. Сондықтан оларды дайындау бойынша ұсыныстар да әртүрлі болуы мүмкін. Нұсқаулық бойынша дайындамасаңыз, шайдың дәмі өзгеріп кетуі және оның тиімділігінің азайып кетуі әбден мүмкін.
Екінші ереже - су температурасын дұрыс таңдау. Шай дәмді және пайдалы болуы үшін су 80 градусқа дейін қыздырылған болуы керек.
Үшінші ескеретін нәрсе - шайды дайындау уақытын созбау. Әдетте, қаптамада шайды суда қанша ұстау керегі жазылады. Егер оны ұзақ ұстап қойсаңыз, шай ащы болып кетеді және тиімділігі азайып кетуі мүмкін.
Төртінші ереже - су ішуді ұмытпау.
А. Жапатова