- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Енді вандализм жасағандар...
Енді вандализм жасағандар қомақты айыппұл төлеп, 1,5 айға қамалуы мүмкін
Мәжілістің жалпы отырысында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Марат Башимовтың айтуынша, заң жобасына 100-ге жуық түзету енгізілген.
"Құжатта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған медициналық ұйымдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу және осындай істерді қарау жөніндегі уәкілетті органның құзыретін айқындау көзделеді", - деді ол.
Сондай-ақ жобасында адам саудасының құрбандарына көмек көрсету жағы да қарастырылған.
"Адам саудасы проблемасы көп қырлы, заң жобасында ұсынылған Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыреті аздық етеді. Осыған байланысты ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін депутаттар басқа мемлекеттік органдардың нақты құзыреттерін де көздеуді ұсынады. Мұндай кешенді тәсіл мен бірлескен күш-жігер осы қылмыстардың санатын едәуір азайтуға және адам саудасына қарсы тұруға мүмкіндік береді", - деді Марат Башимов.
Ол бүгінде адам саудасының жаңа түрі пайда болып жатқанын жеткізді. Сондықтан оған қарсы күресте жаңа тәсілдер керек.
"Мысалы, саудагерлер әлеуметтік желілер арқылы жарнаманы өз мақсаты үшін кедергісіз пайдаланып, әрекет етеді. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізіледі. Интернет арқылы жыныстық қызметтерді ұйымдастыруға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі", - деді депутат.
Сондай-ақ Марат Башимов президенттің 2024 жылғы 15 наурыздағы Ұлттық құрылтайда вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату және құқықтық тәртіпті күшейту туралы берген тапсырмасын орындау үшін заңға түзетулер енгізілгенін айтты.
"Депутаттар вандализм әрекеті үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 294-бабы ("Вандализм") 294-бабы бойынша жаза күшейді. Енді осы қылмыс үшін жауапқа тартылған адам 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл (369 200 теңгеден 738 400 теңгеге дейін, 1 АЕК – 3 692 теңге) төлеу немесе немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі (шамамен 1,5 ай) мерзімге қамауға алынып жазаланады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есе – 10 АЕК-ке (36 920 теңге), ал қайталанған кезде 20 АЕК (73 840 теңге)", - деді депутат.
Заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен