"Енді тәртіп бұзған қазақстандықтарды кешірім сұратып, видеоға түсірмейміз". Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біз ақпаратты беру тәсілін жетілдіріп жатырмыз. Құқық бұзушыны көпшілік алдынан кешірім сұрату форматынан толық бас тартамыз. Себебі олар бәрібір жауапқа тартылады. Бірақ қоғамда біз оларды жауапкершіліктен босатқандай көрінеміз. Енді оның орнына олардың қоғамдық жұмыстарды қалай орындайтынын көрсетеміз. Ондағы негізгі мақсат – көпшілік алдында ұялту. Осылайша, біз кінәлі адамның қоғамдық жұмыстарды қалай орындайтынын, заң алдында бәрінің тең екенін, жазаның бұлтартпаушылық принципі қалай орындалатынын көрсетеміз. Яғни видео, фотоға түсіру және әртүрлі тәсілдер арқылы", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен кездесуде журналистерге.
Оның айтуынша, енді танымал адамдар заң бұзса, олардың жазасын қалай өтеп жатқаны видеоға түсіріледі.
"Егер белгілі адамдар заң бұзып, соттың шешімімен қоғамдық жұмыстарға тартылса, неге мұны істемеске? Оларды да көрсетеміз", - деді ресми өкіл.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз