Енді танымал жұлдыздар есірткіге қарсы сынама тапсыруға міндеттеледі

Енді елімізде танымал тұлғалар жаппай тексерістен өтуі мүмкін. Яғни, шоу бизнес өкілдерінің есірткіге тәуелділігі анықталмақ. Мұндай бастаманы Астана мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы көтеріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, бұл жұлдыздарды ғана емес, тұтас қоғамды "тәртіпке келтірудің" бір жолы. Енді көптің көз алдында жүрген әнші-актерлар кез келген уақытта ескертусіз есірткіге қарсы сынамадан өтуі мүмкін. Егер тыйым салынған зат қолданғаны анықталса жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жаза ма, емделу ме, әлде қылмыстық іс пе, бәрі де нәтижеге байланысты. Тіпті темір торға тоғытылу қаупі де бар.

"Қан мен шашы тексеріледі. Шаш бірнеше айдағы қолдануды көрсетсе, қан жақындағыны анықтайды. Прокуратура шешімімен бұл тексерістен бас тарту мүмкін емес. Ең бастысы бұл процесс ашық түрде жүргізіледі. Бұл тәжиірбиені кеше мен кезекті отырыста қарастыруды ұсындым. Өйткені бұл дертпен дәл қазір күреспесек шын мәнінде ертең кеш болуы мүмкін", - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы. 

Айтпақшы, бұл бастама жайдан-жай көтеріліп отырған жоқ. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде "жұлдыздар мен есірткі" тақырыбы қыза түсті. Әсіресе Түркияда бірнеше танымал тұлғаның есірткіге тәуелді екені анықталып, жаппай тексеріс басталғаны қоғамға әсер етті.

Ал Қазақстанда Қаракесек атымен танымал Омар Амантаевтың ісі ел ішінде үлкен резонанс тудырған еді. Сондықтан қоғам пікірі қақ жарылды: біреулер бұл қатаң шараны қолдаса, енді бірі оны жеке өмірге қол сұғу деп қабылдайды. Қоғам талқылап жатқанда, өнер адамдарының өзі де екіұдай пікірде. Бірі мұндай тексеріс қажет дейді. Екіншісі бұл мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін деп алаңдайды. 

"Тек өнер адамдары емес, бүкіл қазақстандықтарды тексерсе де қарсы емеспін. Өзім тексерілуге дайынмын. Олар сонда тойға барған кезде, бір қалаға қыдырып барған кезде оның алдынан шығып есірткі ұсыну керек па, сонда? Не істеу керек? "Сен шегеді екенсің ғой ана жерде тізімің тұр ғой. Тауып берейік саған" деп одан сайын ушығып кетпей ме? Ал тексеріс мұнымен шектелмеуі мүмкін", - деді әнші Асан Пердешов. 

Депутаттар мәселені анықтаудың тағы бір жолын ұсынды.Енді есірткіні кәріз суы арқылы анықтау бастамасы көтерілді. Арнайы сараптама арқылы нақты қай үйде, қай оқу орнында, тіпті қай жатақханада тыйым салынған зат қолданылғанын білуге болады. Яғни, бақылау тек сахнада емес, тұтас қоғам деңгейінде күшейтілмек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!