Енді шенеуніктер мені алдай алмайды - Әлихан Смайылов

Енді шенеуніктер мені алдай алмайды - Әлихан Смайылов
Фото: gov.kz

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мемлекет қаржысын тиімді пайдалану бақылауда болатынын, енді шенеуніктер оны алдай алмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырсында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті тыңдады. Отырыста былтыр жарты триллион теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалғаны белгілі болды. Сонымен қатар, 4 облыс бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағаны айтылды.

Мәжілістен соң журналист бұл мәселеге қатысты сауал жолдады.

"Сіз аудиторлық палатаның төрағасы ретінде 2023 жылғы өз жұмысыңызды (премьер-министр болған кездегі - еск.) бағалап отырсыз. Жұмысыңызда қайшылық бар деп ойламайсыз ба? Сіз қаншалық шынайы есеп бердіңіз?" - деді БАҚ өкілі.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы бюджет қаржысы шенеуніктерге кезінде нақты жобаны жүзеге асыру үшін бөлінгенін жеткізді.

"Қайшылық жоқ. Неге? Премьер-министр ретінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері келіп, сол қаражатты сұрады. Маған (олардың қаржыны - еск.) қандай негізде, қандай мақсатта сұрағаны өте жақсы мәлім. Біз бюджеттік процестер негізінде тиісті қаражатты нақты мәселелерді шешеміз деп белгіледік. Енді іс жүзінде сол қаражат қаншалық мақсатқа сай жұмсалды, қаншалық тиімді пайдаланылды? Осы мәселеге бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жауапты. Өкінішке қарай, заңбұзушылықтар болды", - деді төраға.

Әлихан Смайылов енді бұл заңбұзушылықтарды өзі тексере алатынын айтты.

"Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде осы әкімшілермен кездесіп, аудиторлық жұмыс негізінде олар (қаржыны - еск.) қаншалық мақсатқа сай, тиімді пайдаланғанын көруіме болады. Енді олар әртүрлі аргумент айта алмайды. Неге? Себебі, мені (олар - еск.) алдай алмайды. Қаражатты бөлгенде, олар маған келіп, нақты мәселелерді айтып, нақты аргументтер келтірген. Сондықтан қазір Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде мен осы жұмысты тиімді жүргізуіме мүмкіндік бар", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Есен