Әлеуметтік желі мен БАҚ-та енді оқушы қыздар мектепке хиджаб киіп бара алатыны туралы ақпарат тарады. Осы мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісінің сауалына Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
Ведомство мәліметінше, мектеп формасына қатысты талап өзгермеген.
"Мәселе "Білім туралы" заңның 5-бабының 39-тармақшасына сәйкес әзірленген орта білім беру ұйымдары үшін (2016 жылғы 14 қаңтардағы №26) міндетті мектеп формасына қойылатын талаптармен реттелді. Хиджаб – діни киім. Мұндай киім жоғарыда айтылған талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар, ата-аналардың алдында бірінші кезекте балалардың сапалы білім алуы, сондай-ақ, оларды тұлғалық жағынан дамыту мәселесі тұруға тиіс", – деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке берген жауабында.
Еске салайық, бұған дейін мектеп формасына қойылатын талаптар туралы жазған едік. Министрлік ата-аналар мен оқушының өзге де заңды өкілдері міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, мектеп формасын сақтауға міндетті екенін мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптары арнайы бекітілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз