Енді мінберді құттықтау үшін, жеке мақсатта пайдалануға болмайды: Құрылтай депутаттары не үшін жазаланады?

10 қыркүйекте Құрылтайда депутаттардың алғашқы жалпы отырысы өтті. Отырыс аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды. Жиында депутаттардың қандай әрекеті іскерлік этиканы бұзу болып саналатыны және ол үшін қандай жаза түрлері қарастырылғаны сөз болды. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дания Еспаеваның сөзінше, сөйлейтіндерге негізсіз ескерту жасау, сондай-ақ, депутаттардың немесе өзге тұлғалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін балағат сөздер айту құқықбұзушылық болып есептеледі.

Оның айтуынша, депутаттық этика талаптары тек Құрылтай отырыстарына, депутаттық топтар мен өзге де органдардың жұмысына емес, сонымен қатар, депутаттардың Құрылтайдан тыс жердегі іс-әрекетіне де қолданылады.

Депутаттардың БАҚ өкілдерімен қарым-қатынасына қатысты да бөлек талаптар белгіленген. Депутаттар өз сөздерінде, жауаптары мен сұхбаттарында тексерілген әрі шынайы ақпарат беруге міндетті.

"Қандай да бір істің орындалмай жатқанын жай ғана айта салу немесе дәлелденбеген деректі келтіру де депутаттық этиканы бұзу", - деді Дания Еспаева.

Этика бұзылғаны туралы өтініштерді қарау үшін Құрылтайда Депутаттық этика жөніндегі кеңес құрылады. Дания Еспаеваның сөзінше, кеңес жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарастырып, түсіндіру жұмыстарымен айналысады.

Кеше Депутаттық этика жөніндегі кеңестің регламенті қабылданған. Құжатта этикалық нормаларды бұзған депутаттарға қолданылатын жазаның бірнеше түрі қарастырылған.

Соның ішінде депутатқа сөгіс жариялануы немесе ол көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттелуі мүмкін. Сондай-ақ, Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салу, ал қатаң шара ретінде үш отырыс бойы сөйлеу құқығынан айыру көзделген.

Сонымен қатар, заң бойынша депутатты Құрылтайдың бір немесе үш отырысынан шығарып жіберу мүмкіндігі бар. Бұл жазалардың ішіндегі ең қатаңы - бір күндік жалақысынан айыру.

Бұл ретте өтініш бойынша түпкілікті шешімді Депутаттық этика жөніндегі кеңестің өзі ғана қабылдамайды. Кеңес заңбұзушылықты қарап, тиісті шешім шығарады, содан кейін мәселе Құрылтай сессиясы деңгейінде қаралады.

Дания Еспаева кеңес заңбұзушылықтарды қарап қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын да жүргізетінін айтты. Ол мұны Құрылтайдың қазіргі құрамы шамамен 70-80 пайызға жаңарғанымен және көптеген депутатқа жұмыс ережелері таңсық екеніне байланысты деп түсіндірді.

Журналистер депутат Снежанна Имашевадан депутаттың отырыс уақытын құттықтауға пайдаланған оқиғасы туралы сұрап, құттықтаудың өзі ме, әлде ол үшін отырыс уақытын пайдалану ма, қайсы заңбұзушылық болып саналатынын нақтылады.

Снежанна Имашева Құрылтай регламентінің 274-тармағы 5-тармақшасына сілтеме жасады. Осы нормаға сәйкес депутат қалыпты жұмысқа кедергі келтірмеуге және Құрылтай отырыстарындағы, сондай-ақ, оның жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарындағы сөздерін депутаттық өкілеттігін жүзеге асыруға қатысы жоқ жеке және өзге де өтініштер үшін пайдаланбауға тиіс.

Оның айтуынша, мұндай норма бұған дейін Мәжіліс регламентінде болмаған, алайда жинақталған тәжірибені ескере отырып, жаңа құжатқа енгізілген.

"Мінберден жеке мәселелерді айтуға болмайды, тек өзіне берілген өкілеттік аясында сөйлеу керек", - деді Снежанна Имашева.

Журналистер Снежанна Имашевадан "этикалық нормаларды өрескел бұзғаны үшін депутаттық мандаттан айыру қарастырылуы мүмкін бе?" деп те сұрады.

"Депутаттар мандатынан айырылуы мүмкін, бірақ бұл мәселе бойынша шешімді партия қабылдайды. Ол үшін Құрылтайдың Депутаттық этика жөніндегі кеңесі комиссиясында тиісті қаулы шығарылуға тиіс", - деп жауап берді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс отырысында экс-депутат Ардақ Назаров анасын 70 жылдық мерейтойымен құттықтаған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!