Енді Керекулік асабалар имамдармен ақылдасып отырады

Енді Керекулік асабалар имамдармен ақылдасып отырады

Павлодарда той-томалақ жүргізетін асабалар бұдан кейін мешіт имамдармен ақылдасып тұратын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл бастаманы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт өкілдері көтеріп отыр. Олар, "Асаба болу - өз ісің, әдептен озбау - борышың" атты кездесу ұйымдастырып, шоумендерге ұсыныстарын жеткізді.

"Шариғат аясынан аспай, тойды неғұрлым мәдениетті өткізсе дейміз. Қазір шоу жасаймын деп оспадар ойындар өткізетіндер көп. Салт-дәстүрден аттап, шет елдің жат дүниелерін тықпалайтындар бар. Осылардан аулақ болсақ. Әзіл қалжыңды да әдеппен айтып, әуендерді ұлттық нақышта қойсақ. Асаба деген жергілікті жердің, өңірдің тарихын білетін білімді болғаны дұрыс. Салт-дәстүрге де қанық, иманжүзді болуы қажет", - дейді Павлодар облыстық Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің өкілі Амантай Тойшыбайұлы.

Имамдар асабаларға той сенарийлерін жиі өзгертіп тұруға шақырады. Әйтпесе, кейбір тамадалар бір сарыннан ауытқымай бірнеше той өткізеді. Сонымен қатар, алкогольді ішімдіксіз өткізілетін думанды мереке көп болса және рухани ақыл кеңестер айтылса деген ниетте.

"Имамдардың айтып отырған ақылдары дұрыс. Дегенмен, мен тойда діни уағыз айтпаймын. Оны айтатын арнайы мамандар бар.  Той жасаудағы мақсат қуанышпен бөлісу.  Менің миссиям тойдың көңілді өтуіне атсалысу және салт-дәстүрді насихаттау.  Халал той деген сөзді онша ұнатпаймын.  Өйткені оның артында харам той деген сияқты біреудің қуанышына үкім шығару тұр. Ішімдіксіз той  десе бір жөн", дейді керекулік асаба Алмаз Хасенов.     

Айта кетерлігі бұл тек Рамазан айы қарсаңында жасалып жатқан шара емес. Дін өкілдері осы жылды имандылықпен өткізіп, екі үш айда бір рет бас қосып, ақылдасуға шақырып отыр.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы